Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ»

«ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ»

Абайдың әлеуметтік мәселе тақырыбына арналып, кестелі тілмен жазылған көркем туындысы.

Қашан жазылды?

Бір отбасындағы ахуалды суреттей отырып, әлеуметтік-дидактикалық үлкен ой түйген «Қатыны  мен Масақбай» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Жеке бір отбасының жағдайындағы мысалдан тәрбиелік терең идея айтқан өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Көрнекті ғалым Қ.Мұхамедханұлы ұлы ақынның 1945 жылғы жинағына сүйеніп, Масақбайды Абайдың інісі Ысқақтың ауылдасы деп көрсеткен. Масақбай өзінің қатынымен ұрыса беріп, соның берекесіз тірлігі Абайдың осы өлеңді шығаруына себеп болыпты.

Өткір тілмен әжуа етіліп, сөзбен салынған көркем суретте Масақбайдың шашылған, ұсқынсыз, берекесі қашқан, лас шаңырағы көрсетіледі. Оттың басында «бүксітіп», «бықсытып», «қоқсытып» отырған оның сүйкімсіз қатыны таныстырылады. Байының тоқымының үстіне отырып алған әйелдің тазалығы мен ұқыптылығының жоғын оқырман бірден байқайды. Оның көңілінің сүйсінерлік белгісі жоқ, түр-әлпеті жылу шашпайды, бойы ұсқынсыз екенін түсінеді.

Содан барып ақын енді сондай келеңсіз көрініске Масақбайдың кіріп келгенін баяндап, оның жұртқа күлкі боп көрінетін, маңайына қадірі жоқ, сабырсыз мінезді түр-тұрпатын бейнелейді. Келе салып айғай-шу көтерген Масақбай қатынын боқтап, оны қамшымен соғып, жұдырығының астына алады. Сөзі мәнсіз, ақылға таяз, топас Масақбай өлеңнің соңында шулап, қарқылдап, күліп тоқтайды. 

Бір отбасының жағдайындағы сүйкімі жоқ тұрмыстық жағдайды әжуалап отырған Абай шағын ғана өлеңінде әлеуметтік маңызы жоғары тәрбиелік ой қорытқысы келген. Масақбай мен қатынының берекесіз, сүреңсіз, салақ шаңырағын ащы тілмен суреттеп, ерлі-зайыптылардың араларында ешқандай сыйластық пен сүйкімі көрінбейтін тұрмыс-тіршілігін келеке етіп, оқырманды адами қарым-қатынасқа, үлгі болатын мәдениетті тірлікке шақырған.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.16]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Ақын бір отбасының үйлесімі мен берекесі тұтас ауылдың, ағайын-жұрттың, қалың қауымның тыныштығына, өмір сүру дағдысына әсер ететінін біле отырып, бір шаңырақтағы тұрмыстық жағдайды мысал етіп, қалың көпке ой салған. Берекесіздік пен салақтықты, зұлымдық пен мәдениетсіздікті көруге шыдай алмаған ақындық сыншылдығы әлеуметтік-дидактикалық сипатта өлең жазуына себеп болған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Сырмақ қып астына

Байының тоқымын,

Отының басына

Төрінің қоқымын

Бүксітіп,

Бықсытып,

Қоқсытып келтірді.

Осының бәрімен

Көңілінде міні жоқ,

Жүзінің нәрі мен

Бойының сыны жоқ.

Бүкшиіп,

Сексиіп,

Түксиіп өлтірді.

Б а й ы:

  • Күлкі боп көргенге,

Құрбыға қадірсіз.

Ас қылып бергенге

Шыдамас, сабырсыз.

Келді, ойбай,

Салды айғай,

Түк қоймай боқтады.

Сөзінің жөні жоқ,

Ақылсыз томырық,

Қатынның күні жоқ –

Қамшы мен жұдырық.

Барқылдап,

Тарқылдап,

Салпылдап тоқтады.