Абайдың көшпелі қазақ аулының әлеуметтік жіктелісін, тұрмыс айырмашылығын нық көрсеткен мазмұны терең, көркемдігі жоғары, идеясы биік туындысы.
Қашан жазылды?
Абай бұл өлеңін 1889 жылы 44 жасында жазған.
Қайда жазылды?
Бұл өлеңді Абай өзінің ағасы Тәңірбергеннің ауылында жазған. Өлеңнің жазылуына себеп болған жайды Тұрағұл былай баяндайды. «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлеңді өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінісләм деген немересін тамағыңды үйде отырып іш деп аңдып отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқан (Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» деген қолжазбасынан).
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» өлеңіне жалғас, екінші өлең ретінде басылған (12-бөлік. Күз, 68-69 беттер). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында 2-шумақтың 3-және 4-жолдары «Мүздаған иін жылытып, тонын илеп, Шекпен тігер қатындар бүрсең қағып» делінсе, басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинақ негізіңде «Тоңған иін жылытып, тонын илеп, Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып» деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында 3-шумақтың 1-жолы «Жас балаға отын жоқ тұрған маздап» болып берілсе, 1909, 1954 жылғы басылымдарда «Жас балаға от та жоқ тұрған маздап», 1933, 1939, 1945, 1957 жылғы жинақтарда «Жас балаға үйде от жоқ тұрған маздап» деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарда З-шумақтың 4-жолы «Бір жағынан қысқанда жел де азынап» болса, 1945, 1957 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылымбойынша бұл жол «Бір жағынан қысқанда о да азынап» делінген. 1939, 1945 жылғы басылымдарда өлеңнің жазылған кезеңі – 1889 жыл деп көрсетілген.
Өлең не жайында?
Ақынкүнсуып, ауа райы бұзылып, күз созылып, қысқа аяқ басқан шаруашылыққа қолайсыз бір шақтағы қалт-құлт еткен ауыл өмірінің қоңторғай суретін реалистік дәлдікпен, нақты адамдар тұлғасы арқылы, тірі, жанды, әрекетті күйінде суреттейді. Табиғат суреті мен адамдар қимылы жымдаса бейнеленген. Ертеңгі күннің қамын жеп, үнем жасап, қыстауға қонбай, күзеуде ықтырмада отырған бай, мал бағып далада жүрген кедей, жылынуға отын таба алмай, бүрсең қағып, тон илеп, шекпен тігіп отырған байғұс әйел – осы жалпы сурет бірте-бірте тіпті айқындалып, жаңа бояулармен толығып, көшпелі қазақ ауылының тұтас бейнесіне айналады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең ақынның пейзаж лирикасының ішіндегі таңдаулы шығармаларының бірі, 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды қарақалпақ, орыс, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай –
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.