Абайдың әлеумет қайғысының туындауын іліммен байланыстырып, ілімі дамыған жат жұрттың қазақтың елдігіне іріткі салуын реалистікпен суреттеген өзгеше өрімдегі өлеңі.
Қашан жазылды?
Ел ішін жайлаған есерлер мен есіріктер жетесіздігіне қамығып, қоғамда дендей түскен кесір-кесапатқа жаны күйінуден туған «Қайғы шығар ілімнен…» өлеңін Абай 1892 жылы 47 жасында жазған.
Қайда жазылды?
28 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 24-бет).
Өлең не жайында?
Ақын әлеумет қайғысының туындауын іліммен байланыстырады. Ілімі дамыған жат жұрттың қазақтың елдігіне іріткі салуын айтады. Білімнен ыза шығар деген тосын ойымен пайда ойлаған білімді қазақтың ел қызметкері емес, патша ұлығы болудағы арамза пиғылына күйінеді. «Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен», — деп зарын төгеді, шерін тарқатады. Ел ішін жайлаған есерлер мен есіріктер жетесіздігі жанын күйіндірген әлеуметшіл ақынды кесір-кесапаттың дендей түсуі қалың ойға батырады. Сойқан-содырлықтың түп тамырын қаузап, кескін-келбетін түстеуімен ел ішіне терең таралуының зардабынан шошынады. Күнделікті өмірде бетпе-бет келіп жүрген осынау кесірлі келеңсіздіктің жөргекте қағынуынан бастап алабөтен өсу жолдарына бойлайды. Сол арқылы тобырлық сана жетегіндегілердің қырсық-қыңыр мінез-құлқын, сұрқия кескін-келбетін бет жүзің деместен әшкерлеп береді. Оларды ақыл парасатқа шақырар, дұрыстық жолына нұсқар көшелі кәрия, ақылман абыз қайда деген сауалды алға тартады. Ондай кемел тұлғаның жоқтығына ашынады.
Ел жайына тоқталып, береке-бірлігі кеткен халқының әлеуметтік тыныс-тіршілігінен түңіледі. Бос кеуде даурықпалық пен даңғазалыққа салынған қауымның қамсыздығына күйінеді. Құбылған заманға сай құтырған әлеумет санасындағы күрделі өзгерістер табиғатын байыптайды.
Ұлт болмысында жоқ жат мінездің, ерсі қылықтың өрістеуіне ой салып, рухани құндылықтар хақындағы дәстүрлі ұғымның дағдарыстағы күйін аңғартады. Ұлыққа жағынумен бас изеген алауыздыққа, даурықпалар жетегіндегі тобырлық пайымға, түзу бол деген естінің сөзіне құлақ аспас көрсоқыр надандыққа ашынады. Ағайынның ел ішін бүлдіріп, партия жиып, мал шашқыш жиркенішті істерінен, ысырапшылдыққа итермелеп отырған көрсоқырлығынан жиіркенеді. Ел ішін жайлаған осынау адам шошырлық кейіптегі қазақ көші қайда барады, қайтіп оңады деген сауалға жауап іздейді.
Жұртын көшелі іске, кемелділікке бастар, елдікке ұйыстырар игі жақсылардың арызқой (зәкүншік), бірінен бірі өтетін «іші залым, сырты абыз» шынайы кескін-келбетінен, болмыс-бітімінен шошынады. Кейбір дін иелерінің мұсылмандық парызын өтеудегі парықсыздығын әшкерлейді, иман жолынан адасудағы шалағайлықтарын ашады. «Итше індет тілемей, Жат үйіңде, өлсең де аш!», — деп ар қасиетінен, адамгершілік сипатынан айрылған жетесіз шалдың кезбелігін бетіне басады. Саналы жасқа адами қасиеттерімен үлгі боларлық басалқы сөз айтар ақсақалдың ірілігінен айрылып, ұсақталуына налиды. Ата сақалы аузына түскен кесірлі кәрияның ел ұйытқысын кетірудегі желікпелігінен түңіледі. Кезбе шалдың кері кеткен мінезінен қожырауға бет алған қоршылықтағы қауымның берекесіз тірлігінің құрдымға кетіретінін бағамдайды. Ізгілікті, адами қасиеттерді аңсайды, елдікті мұрат тұтады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.182-183]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Көңіл-күй лирикасы мен саяси-әлеуемттік лирика жанрында жазылған өлеңнің тармақ саны әр түрлі 7 шумақ, барлығы 60 жол. Туынды 7-8 буынды шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Ақын өлең құрылысы жағынан өзгеше бітімде өрілген шығарманың бір тұтас шумақтық өлшемін сақтамаған. Оның ең қысқа шумағы 4 тармақтан, ең ұзын шумағы 12 тармақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Қайғылы, қартаң біздей шал,
Қарай берсең, қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық тойымсыз
Болады балаң жөргекте.
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?
Кеңшілікте туған жоқ
Шықсын деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас, әлбетте.
Сыйласа елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап,
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмас тұрықтап.
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап,
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап.
Түзу бол деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып, қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?
Ел жайын біліп, қансаңыз,
Айтайын, құлақ салсаңыз:
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірісіп кер мағыз.
Кейбіреуі – зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?
Дәулеті жоқ бурыл шаш,
Үйіңе кет, топтан қаш!..
Ағайынның ішінен
Шыға қалса тай-талас,
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің «малың шаш».
Итше індет тілемей,
Жат үйіңде, өлсең де аш!
Ойлап-ойлап қарасам,
Осындай шал қайда жоқ?
Қозғау салып қоздырғыш,
Кезбе шалдан пайда жоқ.