Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТОТЫ ҚҰС ТҮСТІ КӨБЕЛЕК»

«ТОТЫ ҚҰС ТҮСТІ КӨБЕЛЕК»

Абайдың табиғат құбылысы, адам өмірі және заман жайындағы ойларын толғаған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1902 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Түпнұсқа Мүрсейіт қолжазбаларынан алынып, алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлеңнің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер ұшырасады. 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 2- шумақтың 2-жолы 1909 жылғы басылым негізінде «Сүймек, сезбек, киінбек» болып берілсе, 1933, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбасын (1905) басшылыққа алып, бүл жолды «Сүймек, сезбек, кейімек» деп алған.

Өлең не жайында?

Тіршіліктен соққы көріп, оның мағынасыздығын түйсініп, мәңгілікті ойлай бастаған ақын бұл өлеңінде адам өмірінің мәні, заңдылығы хақында ой толғайды. Қазақ ұғымында ең әдемі қызыл-жасыл түс тоты құс түсі болса, Абай айтуынша сондай қызықты да тәтті өмірің — қас қағымдық ғұмыр. Табиғат тоты құс түсті көбелекке «жаз айларда гулегенмен», күз келе «өлмек», сиремек. Ап, «сүйген, сезген, кейіген», «ақылмен ойлап сөйлеген» адамды «заман сүйремек». Бірақ, адам екі түрлі: өмірді билей алмаса да жақсы кісі заман ағымына қарсы жүзбекші, ал жаман кісі оған «күйлеп», табанында тапталмақ. Бәрібір екеуін де құдіретті «замана илемек». Сонда да ақын қамығып, күйректікке салынбай дұрыс өмір сүрген, заманды билеуге талпынған адамды қолдап, құптайды. 

Қай жанрда жазылды?

Ақын өз өлеңіне жарасымды ырғақ тауып, 7, 8 буынды жыр жолымен кестелеп, шұбыртпалы ұйқаспен жазған. Әрқайсысы 4 тармақты 3 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.

Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.