Абайдың дәуірдің жалпы жұртына емес, көкірегі ояу, көзі ашық ойлы жанға арнап жазған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1897 жылы жазылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 жылыСанкт-Петербургте жарық керген«Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Өзгені қанша мақтағанмен, ішіне қулық сақтап, сол өзі өлердей мақтап тұрған кісісін әбден әуре етіп, көз ала бере жалт беріп, тайып шыға келетін алдампаз туралы тақырыпты ақын әр жылдарда әр тұрғыда көтеріп отырған. Бұл өлең – ақынның осы саладағы ерекше туындысы: оның негізгі мазмұны алдампаз бен алдамшы уақыт жағдайында туып өскен ақжүрек азаматқа арналған. Ақын ұсынып отырған ғақылға сайсақ, кісіні биік мұратқа бастайтын, сол мұратқа жеткізетін ұлы күш оның өз бойында, сондықтанда адам жұрттың мақтау сөзіне ермей, өзіне, өзінің адал еңбегі мен ақылына сенуі керек.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 3 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.