Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«СЕГІЗ АЯҚ»

«СЕГІЗ АЯҚ»

Абайдың жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Бұл өлеңнің түрі де осы шаққа дейін ақын жазып келген өлеңдердің үлгісінен басқаша. «Сегіз аяқ» демегі сегіз жолдан қайырылған шумақтар болғандықтан айтылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургтежарық көрген«Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі»атты жинақта жарияланған. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 5-шумақтың 4, 5-жолдары«Пайдасыз ақыл, Байлаусыз тақыл», 14-шумақтың 2-жолы«Жүз кісі сұмға»делінсе, 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жолдар 1909 жылғы басылымға сәйкес«Пайдасыз тақыл, Байлаусыз ақыл»,«Жөн кісі сұмға»деп қабылданған. Мүрсейіт қолжазбаларында 6-шумақтың 6-жолы«Іздегені, баққаны», 8-шумақтың 4, 5-жолдары«Адам бол –мал тап, Адал бол – бай тап», 10-шумақтың 6-жолы«Қор болып қолда барасың», соңғы шумақтың 6-жолы«Сөзімді ұғар біреу жоқ» болса, барлық басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинаққа сәйкес«Аңдығаны, баққаны», «Адал бол – бай тап, Адам бол – мал тап», «Қор болып құрып барасың», «Сөзімді ұғар елім жоқ»ретінде алынған. 1933, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 14-шумақтың 6-жолы«Айғаймен етті, амал жоқ»болып басылса, басқа жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылым бойынша бұл жол«Айғаймен кетті, амал жоқ»деп түзетілген. 1909, 1933, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 22-шумақтың 4-жолы«Есітіп үнін»болып берілсе, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес«Естісем үнін»түрінде алынған. 1954 жылғы жинақта 24-шумақтың 8-жолы«Қысылған жерде –жанжал дау»болса, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол«Қысылған жерде – жан жалдау»түрінде көрсетілген.

Өлең не жайында?

Көп ойлармен заман, қоғам шындықтарын және өз басының

Ақын осы өлеңінде заман құбылыстарын, қоғам өмірінің шындықтарын түгел қамтып сипаттайды. Өзінің көп ойларын толғайды, сезім-сырын, көңіл күйін шертеді – ел іргесі сөгіліп, берекесі кетіп, азып-тозып бара жатқанына күйінеді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әрқайсысы 8 тармақты 25 шумақтан тұрады, ырғақтық құрылысы өзгеше өрнектелген. Шумақ 5 буынды, тармақтар мен 7-8 буынды тармақтардың жүйелі түрде үйлесіп, араласуы негізінде түзілген. 4 түрлі дыбыс үндестігіне негізделген үйлесім бар.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, әзербайжан, араб, беларусь, қарақалпақ, қырғыз, латыш, орыс, өзбек, татар, түрікмен, украин, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған –

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра1 ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң, айтпа сөз.

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.

Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін

Деп насихат бергенде,

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан.

Аулаққа шықпай,

Сыбырлап бұқпай,

Мейірленбес еш сөзге.

Пайдасыз тақыл –

Байлаусыз ақыл,

Атадан бала ойы өзге.

Санасыз, ойсыз, жарым ес,

Өз ойында ар емес.

Тасыса өсек,

Ысқыртса кесек,

Құмардан әбден шыққаны.

Күпілдек мақтан.

Табытын қаққан2

Аңдығаны, баққаны.

Ынсап, ұят, терең ой

Ойлаған жан жоқ, жауып қой.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей –

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде.

Біріңді қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтірік, ұрлық,

Үкімет зорлық

Құрысын, көзің ашылмас.

Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзімді ойлансын.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой.

Жұмыссыз сандал,

Еріксіз малды ал

Деген кім бар сендерге?

Қулықты көргіш,

Сұмдықты білгіш

Табылар кісі жөн дерге.

Үш-төрт жылғы әдетің

Өзіңе болар жендетің.

Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды.

Сүйеніп күлкі тоқтыққа,

Тартыпты өнер жоқтыққа.

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім,

Мақсұт – алыс, өмір – шақ.

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес.

Бір кісі мыңға,

Жөн кісі сұмға,

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен кетті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір.

Сөзуар білгіш,

Закүншік, көргіш,

Атанбақ – мақсұт, мақтанбақ.

Жасқанып, қорқып,

Жорғалап, жортып,

Именсе елің, баптанбақ.

Қарғағанын жер қылмақ,

Алдағанын зор қылмақ.

Хош, қорықты елің,

Қорқытқан сенің

Өнерің қайсы, айтып бер.

Ел аңдып сені,

Сен аңдып оны,

Қылт еткізбей бағып көр.

Ойнасшы қатын болса қар,

Аңдыған ерде қала ма ар?

Көмексіз көзің,

Бір жалғыз өзің

Баға алмай, басың сандалар.

Бауырыңа тартқан,

Сырыңды айтқан

Сырласың сырт айналар.

Ол қаны бұзық ұры-қар,

Қапысын тауып сені алар.

Басы-көзі қан боп,

Арқа-басы шаң боп,

Және тұрып жалпылдап;

Жығылып тұрып,

Буыны құрып,

Тағы қуып салпылдап —

Абұйыр қайда, ар қайда?

Әз басыңа не пайда?

Ит үрсе, бала

Таяғын ала,

Қуады итпен кектесіп.

Ұрысқансып «ой» деп,

«Ұят» деп, «қой» деп,

Үлкендер тыяр «тек» десіп.

Оны білсең, мұның не?

Мен де ұят іс қылдым де.

Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос,

Талаптың дәмін татуға.

Білмеген соқыр,

Қайғысыз отыр,

Тамағы тойса жатуға.

Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім – күн емес.

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,

Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын

Ұста, жетсін бұйрығың.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас – бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Жаяуы қапты,

Аттысы шапты,

Қайрылып сөзді кім ұқсын.

Іште дерт қалың,

Ауыздан жалын

Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.

Күйдірген соң шыдатпай,

Қоя ма екен жылатпай?

Мамықтан төсек,

Тастай боп кесек,

Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.

Сыбыр боп сөзі,

Мәз болып өзі,

Ойланар елдің сыйқы жоқ.

Баяғы қулық, бір алдау,

Қысылған жерде – жан жалдау.

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым – тап шыным

1Бәһра (парсыша) – пайда, білімнен үлес.

2Табытын қаққан – Кісі өлімі сирей бастаса, мешіттің ашкез, надан мәзендері мешіт қоймасында тұратын өлген адамды салып шығаратын табытты таяқпен қағып, өлім шақыратын жаман әдеті болған. Ақын соны ауыспалы мағынасында қолданған.