Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«РАХЫМШАЛҒА»

«РАХЫМШАЛҒА»

Абайдың бала тәрбиесінің жауапкершілігін айтқан дидактикалық мәні терең көркем туындысы.

Қашан жазылды?

Ақынның педагогикалық-дидактикалық ұстанымын айшықтайтын «Рахымшалға» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Бір ғана өмірлік  көрініс негіз болған екі шумақтан тұратын шағын өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Абай бұл өлеңінде тіршілік жасаған адамға дәулетке жету мен бала сүюді қатар атап, оларды кім-де кім өмірінде тілейтінін айтқан. «Сұлу аттың көркі – жал» дегенін тура мағынасында түсінгеніміз ләзім. Себебі қазақтың ұғымында жылқы – жиналған дәулеттің басты өлшемі екендігі мәлім. Осылайша, өмір сүруде мал табуды, яғни дәулетке қол жеткізуді ешқандай теріс іс деп есептемей, оны қызыққа кенелу деп санаған. Ал өмірде сол қызықтан да тәтті дүние бар деп, бала сүюдің бағасын жиналған малдан да, барлық дәулеттен де жоғары қойған.

Ақынның шығармаларында дүниенің бір қызығы – бала деп, ұрпақ сүюді өмірдің негізгі мағынасындай, тіршіліктің мазмұнындай түсінген. Құдайдан перзент тілеген ол бала тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілікпен қараған. Перзент сүймей дүниеден өткен адамға артында тұяғы қалмады деп өкінішпен жазған туындылары да бары белгілі.

«Рахымшалға» деп аталатын өлеңінде ақын бала тәрбиелеудің үлкен жауапкершілігіне, бұл маңызды іске немқұрайлы қарамау керектігіне тоқталған. Көжекбай есімді адамның жастайынан былжыр болып өскен Рахымшал баласы кейін тентектік жасауды қоймаған екен. Аузынан былапыт сөз айтып, бейбастақтықпен айналысыпты. Абай тентек ұлдың теріс қылықтары мен жаман әдеті туған балаларына жаман әсер етеді, олар да жиіркенішті қылықтарды үйреніп кетеді деп қауіптеніп, Көжекбайды өз ауылынан бөлек жерге көшіріп жіберген екен. Сөйтіп, әбден көңілі қалған бұзақы Рахымшал есімді балаға қатты ренжіп, қарғыс айтқандай осы өлеңді шығарған.

Ата-анаға, үлкен адамдарға баланың қылығы мен мінезі, істеген ісі балдай жақса ғана, ол баланы қызықтауға жарасады. Ал егер баланың сөзі дөрекі, ісі оғаш болса, үлкеннің ақылмен айтқан сөзін түсінбесе, оның бар болғанынан жоғы дұрыс деп кейиді ақын. Ондай бейбастақ берген баланы Құдайға қайта алғаның дұрыс деп ауыр үкім жасайды.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.15]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең дидактикалық лирика жанрында жазылған. Әлеуметтік-тәрбиелік мағынасы терең шағын туындысында Абай бала тәрбиесіне қатысты куә болған келеңсіз жағдайға оқырман тағылымды ой түйетіндей баға берген. 

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Сұлу аттың көркі – жал,

Адамзаттың көркі – мал.

Өмір сүрген кісіге

Дәулет – қызық, бала – бал.

Бал болатын бала бар,

Бал болар ма Рахымшал?!

Бүйтіп берген балаңды,

Берген Құдай, өзің ал!