Абайдың ауыл өмірінен алып, әлеуметтік-тұрмыстық мазмұнда жазған туындысы.
Қашан жазылды?
Елге тұтқа болар игі жақсыны тілеген «Разаққа» атты өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Бұл туынды алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жылы белгісіз өлеңдер қатарында жарияланды.
Өлең не жайында?
Абайдың сыншылдық ақындығы, шешендігі, табан астында сөз тауып айтатын тапқырлығы үнемі көрініп, өзі куә болған өміріндегі қуанышты, не қайғылы жағдайларға, көңіліне кірбің түсірген әділетсіздікке шыдамай үнемі өлең сөзбен баға берген. Сондай келеңсіз жағдайдың бірінде осы «Разаққа» атты өлеңін шығарған. Қ.Мұхамедханұлының дерегі бойынша, Абай ауылымен көрші, төңірегін мекендеген қожалар ішінде Разақ есімді жігіт болады. Сол жігіт бір жолы Абай ауылына келгенде, ақынның үйіне түспей, өзімен замандас Әубәкір құрбысының шаңырағында қонақ болады. Қазақтың ескіден келе жатқан дәстүрі бойынша, келген қонақ алдымен ауылдың үлкеніне сәлем беріп, соған ілтипат жасауы керек еді. Мұндайды істемеген Разақтың қылығына ризалық білдірмеген Абай осы өлеңін шығарған екен.
Абайдың тұлғалық энциклопедиясында өлеңнің жазылу тарихына қатысты сәл басқаша мәлімет ұсынылған. Ақын елдің қамын ойлаған, мүддесін қорғаған, оған тұтқа бола алатын жайсаңды тілеп осы өлеңді айтқан екен. Разақ елдің жөнін айтар ма екен деп, қожалардың ішіндегі Әуезді ортан қолға санап, қалғанын аты жоқ саусақ пен шынашаққа теңеген. Сөйтіп, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атасының ел алдындағы абыройын биік санаған. Өлеңнің мазмұнынан Абайдың сыншылдық көзқарасын, адамды сөзі мен ісіне қарай тани алатын талғампаздық қасиетін көре аламыз.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.19]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Ақын қазақ өмірінен көрген жағдайды сыншылдық көзқарасымен өлеңге айдалдырған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Мына үйде отыр Разақ,
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ,
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері – аты жоқ пенен шынашақ.
Сонда Абайдың немересі Әубәкір,- Омархан ағам ше? — дегенде:
Оны дағы байқармыз,
Біраз ғана сынасақ.