Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ОСЫ ҚЫМЫЗ ҚАЗАҚҚА»

«ОСЫ ҚЫМЫЗ ҚАЗАҚҚА»

Абайдың қазақ арасына сіңген ноғай Ысқақ Махмұтовтың немерелері Абай аулына қонаққа келіп жатқанда бас қосып, қымыз ішіп, қызара бөртіп отырғандарға қарап сөз арасында айтылған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1901 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлеңнің басылуларында кейбір өзгерістер бар. Мысалы, 1945, 1948 жылғы жинақтарда 23-, 24-жолдар «Қойныңда ақша, қолда қой, Күзетке оңай шошынба», ал 1954 жылғы жинақта «Қойыңды ақша, қолда қой, Күзетке оңай шошыма» — деп берілді. Кейінгі басылымдарда бұл жолдар Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинақ негізі бойынша «Қойыңда ақша, қолда қой, Күзетке оңай шошынба»түрінде алынып жүр.

Өлең не жайында?

Бұл туындыда үлкен әлеуметтік салмақ бар. Асылы, Абай төрт түліктің ішінде жылқы малын жиі де қызыға жырлаған. Оның көшпелі қазақтың ең қастерлі түлігі, мінсе – көлігі, жесе – еті, ішсе – сусыны, әрі сұлулықтың символы екенін еске салып отырған. «Қар тепкенге қажымас қайран жылқы», «Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет» деп мадақтаған. Ал мынау өлеңінде осыған қайшылау пікір айтқан. Бірақ мұнда да жылқыны даттамаған, тек семіз қазы, уыз қымызға құлшылық қыла беруден сақтандырған. Негізінен мұнда ақын қымыз құмарлыққа, қымыз көрсе, қызыл көрген қара құстай қаптайтын қазақ әдетіне сынай қараған. Қымыз қуып кететін қызбалықты борыш деп санама, жылқы жиып қымыз ішуді мансап көріп әр нәрсеге шатылма, жылқының жауы көп, оны әр төбенің тасасында ұры-қары аңдып жүр. «Мақтан қума, керек қу», «жуасты мін де, айран іш», қой өсір, қойдан жылқы асыл емес. Қой – қойныңдағы ақша, бағуы да, күзетуі де оңай» деп ақыл береді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең шұбыртпалы ұйқаспен, жыр үлгісінде жазылған, көлемі 24 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, татар, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Осы қымыз қазаққа
Мақтаның ба, асың ба?
Қымызды басар артынан
Ет даяр ма қасында?
Бойыңа сіңіп, уерд болған
Қызба бастық жасында.
Қызылшыл семіз, жаз қымыз
Бір үлкен борыш басыңда.
Жуасты мін де, айран іш,
Жоқ немеге шатылма.
Ұры, залым, қуларға
Нысанаға шаншылма.
Жылқыны андып ұры жүр
Әр төбенің тасында.
Ой көзімен қарасаң,
Қойдан жылқы асыл ма?
Мақтанға бола жиям деп,
Жылқы үшін жұртқа бас ұрма
Қымыз, семіз дегенің
Бір мақтан ғой, жасырма.
Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма.
Қойында ақша, қолда қой
Күзетке оңай, шошынба!