Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ОНЕГИННІҢ ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІ» («ЖАРЫМ ЖАҚСЫ КИІМ КИІП»)

«ОНЕГИННІҢ ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІ» («ЖАРЫМ ЖАҚСЫ КИІМ КИІП»)

Абайдың Е.Онегин тағдырын ойлап, қиялдаған бір шағында өз жанынан тудырып жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайүғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909 жылғы жинақта 2-шумақтың 2-жолы «Көңілім ұйып құс болып шүйіп», соңғы шумақтың алғашқы жолы «Мен бұрылып төзе алман» болса, кейінгі басылымдарда бұл жолдар Мүрсейіт қолжазбаларының негізінде «Көңілім жүр құс болып шүйіп», «Мен бұрылып түзел алман» болып түзетілген. Ал Мүрсейіт қолжазбаларында 2-шумақтың 3-жолы «Есіркеп сүйдіріп еді» деп берілсе, басылымдарда 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Есіркеп сүйгізіп еді»делінген.

Өлең не жайында?

Бұл А.С. Пушкиннен аударма емес. «Евгений Онегин» романында Онегиннің өлімі жайында ешқандай сөз жоқ. Онегиннің: «Атам, анам, қара жер, Сен аша бер қойныңды. Сенен басқа еш жерден таба алмадым орнымды…» — деп, өмірімен қоштасуы – ақынның өзі тапқан көркемдік шешімі. Онегин тағдырын Абай трагедиялық бояуын қоюлатып, қиянатты көп көрген, азап шеккен адам етіп көрсетуге ұмтылған. Онегиннің Татьяна хатына жауабынан («Таңғажайып, бұл қалай хат…»), Татьянаның сөзінен («Тәңірі қосқан жар едің сен…»)де осы сарын белгі береді. Онегиннің трагедиясын, өзін өлімге қиюын Абай өмірден қиянат көріп, соққы жеп, торығудан болған дей ме, әлде Татьянаның адал махаббатын кезінде бағалай алмағаны үшін өзін жазықты санап, өкініп, өмірден түңілгені дей ме – бұл сауалға жауап беру оңай да емес. Онегиннің Татьяна хатына жауап сөзінде осы екі сарын да анық сезіледі.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 7-8 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған, көлемі 18 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды негізінен Абай аудармасы ретінде ұғынылып келгенімен, ақынның өз қаламынан туған туындысы. Өзге ешбір тілдерге аударылмаған.

Жарым жақсы киім киіп,

Келді жанға жылы тиіп.

Диуана болды бұл көңілім,

Басылмай бір құшып, сүйіп.

Бойым тұр дал болып ұйып,

Көңілім жүр құс болып шүйіп.

Есіркеп сүйгізіп еді,

Кетіппін жүз есе күйіп.

Қылдың арам ойынды,

Бір бұрмадың мойныңды.

Сен ақылмен көңіліңді

Тыйып, жеңдің бойыңды.

Мен бұрылып түзеле алман,

Қайтсін дедің сорлыңды…

Атам, анам – қара жер,

Сен аша бер қойныңды.

Сенен басқа еш жерден

Таба алмадым орнымды.