Абайдың махаббат, ғашықтық, достық қасиетін аз сөзбен айшықтап жеткізген көркем туындысы.
Қашан жазылды?
Адамзат баласына ортақ мәңгілік тақырыптарды қозғаған «Махаббат, достық қылуға» өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланған.
Өлең не жайында?
Ұлы ақын адам баласына ортақ саналатын құндылықтар жайында үнемі толғанып, шығармашылық ғұмырының әр кезінде оларға оралып отырған. Елу жасты еңсерген шағында жазылған «Махаббат, достық қылуға» өлеңінде Абай махабаттың ғашықтықтан бөлектігін тағы да айта келіп, оның қасиетін дұрыс түсінгеніміз ләзім екенін жеткізген.
Небәрі екі шумақтан, сегіз жолдан ғана тұратын көлемі шағын өлеңде терең мағына айтқысы келген. Ақын махаббаты ғашықтықпен қатар қоймайды. Бес күн ғашық болу – махаббат саналмайды дейді. Осыдан біз махаббаттың құдыретін ашатын, оған мейілінше жақын тұратын ұлы сезім – достық екекнін түсінеміз. Алғашқы тармақтың «Махаббат, достық қылуға» деп бекер берілмегенін байқаймыз. Яғни махаббат бар жерде достық та жасалады. Ал достықты ойламай, тек көңілдің желігінде болуды, құмартып сүйісуді нәпсінің жемісі деп санаған деп түйеміз. Ондай сүйісу түбі тозса, махаббат мәңгілік жасайды деп, екі сезімді шатастыру дұрыс еместігін айтқан.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.243]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең махаббат лирикасы жанрында жазылған. Сонымен қатар шағын туындыдан дидактикалық сарынды да аңғара аламыз. Ақын махаббат сезімінің қасиетін аша отырып, оқырманға ғибратты ой айтқанын да көреміз.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Махаббат, достық қылуға
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға –
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіспек көңілім ойлайды,
Жанның бәрі – қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.