Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ ЖОҚ МАЛДАН БАСҚА»

«МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ ЖОҚ МАЛДАН БАСҚА»

Абайдың адамгершілік, адал еңбек, мейірімділік, ынсап, сауап, талап, қанағат сынды асыл қасиеттерді қозғайтын дидактикалық мағынасы терең туындысы.

Қашан жазылды?

Адамның бойындағы жиіркенішті, кеселді мінез-қылықтарды, жағымсыз әрекеттерді өткір сынға алған «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Абай шығармаларында қазаққа үнемі өрелі сөз, өнегелі ақыл айтып, бойындағы жағымсыз қылық, жаман мінезден арылуға шақырған. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңі – сондай мазмұндағы тәрбиелік қуаты күшті туындысы. Ар мен ұятты жоғалтқан, қанағат пен ынсапты ұмытқан мейірімсіз, тойымсыз байлар өзін адам қатарында санамауға тиіс деп өткір үкім шығарады ақын. Оларды Абай адам кейпіне қоспай, мал деп есептеген. Өлеңнің алғашқы жолында сондай тар пейілді жандарды мал деп көрсетіп, олар байлыққа жету жолында ештеңеден тартынбайтынын жазған. Соның ішінде алдау, арбау, өтірік айту, жалғандыққа бару, қанағат пен ынсапты ұмыту сынды жағымсыз мінез, қылықтарды жасайды. Ондай пейілі тар жандардың бар досы – табынған, мақтанған, елдің қызғанышын оятқан малы ғана деп сынайды. Өзі шошқа болған соң, өзгені ит көреді. Итке етін емес, сүйегін тастап, сорпасын ғана ұсынады. Соның өзіне олар көңілі мәз болып, елге көмектестім деп ойлайды.

Ал ондай жанның осы күні іздеген малы қайда деген сұрақ қояды да, оған өзі боқ ішінде деп жауап береді. Осы сөздің астарында терең ой жатқанын аңғаруымызға болады. Қазақ жұрты отаршылдық езгіге ұшырағаннан кейін, бойына жат жұрттықтардан теріс мінез, жағымсыз қылықтарды көп жұқтырғаны анық. Бұрынғы қазақта алдау, өтірік айту, серттен таю, жағымпаздану, жалбарыну, арын сату аз еді. Олар адал еңбекпен күн көріп, сөзге тоқтап, жоқ-жітімге мейірім төгіп, қамқорлық жасап, пана болып, ата-бабадан келе жатқан сүйекте бар асыл қасиеттерін жоғалтаған. Ендігі заманда қазақ арасында қызғаныш отын үрлеп, байдың біріне медаль тағып, біріне шен беріп, сөйтіп оларды біріне-бірін қарсы айдап салып, руаралық алауыздықты күшейтіп, елге тұтқа болатындардың пейілін өзгерткен. Қазақ жұрты жат мінез, қылықтарды, теріс пейілді аз уақыт ішінде бойына сіңіріп алған. Оның барлығының астарында отаршыл үкіметтің қазақты бөліп ал да, билей бер деген құйтырқы саясатының жемісі болатын. Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысында сондай келеңсіз, жиіркенішті қылықтар, жат жұрттан сіңген теріс мінез қазақ бойында ушыққанын жасыра алмаймыз. Біздің бұл пікірімізді ақынның «Осы күнде мал қайда, боқ ішінде» деген өз сөзі қуаттайды.

Ақын арын сатқан, ұяттан безген байларды алтын алу үшін боқ жеуден де тайынбайды деп ащы тілмен әжуалайды да, қалың жұрттан үмітін үзбейді.

Төрт-ақ шумақтан тұратын өлеңнің соңында Абай оқырманға арыңды сатпа, еңбегіңді сат деп өсиет айтады. Қанша жерден заман өзгерсе де, адами болмысыңды сақтап қалуға адал еңбек қана көмектеседі дейді. Еңбекпен тапқан малдың арты қайыр болатынын айтып, оған жетуге ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек тізгінін қатар ұстау қажеттілігін ескертеді.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 6]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әлеуметтік-дидактикалық лирика жанрында жазылған. Сондай-ақ оның мазмұнынан данышпан ақынның философиялық терең ой-тұжырымын да түсінеміз.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,

Аларында шара жоқ алдамасқа.

Табысына табынып, қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.

Мал жияды мақтанын білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені «ит» деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп

Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.

Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,

Алтын алсаң, береді боғынан жеп.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.