Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН»

«КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН»

Абайдың адамдық, ақындық ақыл-ойы толысып, Шығыс пен Батыстан да аларын алып, аяғын төл мәдениет пен әлем мәдениетіне тең басып тұрған кезінде туған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1897 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылыСанкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туындының басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1933, 1939 жылғы басылымдарында 2-шумақтың 2-жолы «Келер, кетер артына із қалдырмас», 4-шумақтың 3-жолы «Әділет пен арлылық, махаббатпен», 8-шумақтың 3-жолы «Ғадәләт пен мархамат ер азығы» делінсе, бұл жолдар 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарға Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ неғізінде «Келер, кетер артына тук қалдырмас», «Әділеттік, арлылық, махаббат пен», «Ғадәләт пен мархамат – көп азығы» болып түзетілген. Сондай-ақ өлең Мүрсейіт қолжазбаларында «Адам ғапыл дүниені дер менікі» деп басталатын 6-шумағынан бастап бөлек туынды ретінде жазылған.

Өлең не жайында?

Өлеңнің өзек еткен көкейкесті мәселесі – тіршіліктің мән-мағынасы, өтпелілік пен мәңгіліктің арақатынасы. Туындыдағы қанатты ой, ыстық лепті сезім, салқын сана сарабына, философиялық парасатқа кәміл ұласқан. Тіпті өлеңде қиялдық келбет, фантастикалық сипатта ұшырасады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде кестеленген. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Шығарма ағылшын, башқұрт, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, үйғыр тілдеріне аударылған.

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ алла біледі рас.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, —
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт пен мархамат– көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек

Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.