Ақын шығармаларының өзекті тақырыбы – махаббат мәселесі ерекше ыстық сезіммен, ақынға тән шеберлікпен өрнектелген туынды.
Қашан жазылды?
Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайүғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (4-бөлік. Ғашықтық туралы, 45-46 беттер). Өлеңнің басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909, 1933 жылғы басылымдарда алғашқы шумақтың соңғы жолы «Ғашқынның жарасы», 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда «Ғашықтың жарасы»болып берілсе, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес «Ғашықтық жарасы» ретінде түзетілген.
1945, 1954 жылғы жинақтарда 7-шумақтың жолы«Кең маңдай, қолаң шаш»түрінде жазылса, бұл жол 1957, 1977 жылғы жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1939 жылғы басылымдар негізінде «Кең маңдай, қалың шаш» деп жөнделген. Мүрсейіт қолжазбаларында 10-шумақтың 2-жолы «Қараса көз тоймас», 14-шумақтың 4-жолы«Жолыңа берсем аз»делінсе, басылымдарда«Қараса көз тоймас»,«Жолыңа берсем де аз»болып берілген. Сондай-ақ 1933, 1939, 1945, 1977 жылғы басылымдарда кездесетін 17-шумақтың «Артықша жаратқан, Алланың рахматы» деген соңғы 2 жолы мен 18-шумақтың «Көрік — тәңір дәулеті, қылса ұнар құрметі» деген алғашқы 2 жолы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1954, 1957 жылғы басылымдарда ұшыраспайды. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинақта 20-шумақтың 4-жолы «Жүрегім лүпілдеп» деп жазылған. Әйтсе де мағынасына нұқсан келмейтін болғандықтан, жұртшылық арасында түсінікті қолдануын ескеріп, кейінгі басылымдарда «Жүрегім лүпілдеп» түрінде алынған. 1954, 1957 жылғы жинақтарда, 8, 9-шумақ берілмеген.
Өлең не жайында?
Өлеңде ақын аз сөзге көп мағына сыйғызу ниетін көздеген. Ғашығына деген ішкі сезімін де ірікпей айтқан, жігіт сөзінен үзіккен жүрек лүпілі, тағат таптырмай тынышын қашырған, бір ысып, бір суыған іңкәр ниет, алабұртқан көңіл кұйі сезілгендей. Ғашықтық сезім жүрек жарасына айналған, оңайлықпен жазылар емес. Қыз – айтулы сұлу.«Кең маңдай, қалың шаш, Ақ тамақ, қызыл жүз, Қара көз, имек қас, Қыр мұрын, қыпша бел. Ақын өзі бой тасалап, кейіпкерін алға ұстап сөйлетеді. Жігіт сүйгенін кінәламайды, әдептен озбай наз айтады. Имене сөйлеп «Өзі де білмей ме, көп сөйлеп созбайын?» деп, сабырмен шыдайды. Туынды жігіттің нәумез күйінде аяқталады. Сөйтіп оның тағдыры не болды дегізіп, оқушысын ойға қалдырады.«Көзімнің қарасында»шығыс поэзиясында (Науаи, Физули) көп орын алған үлгілердің әсері де жоқ емес. Бұл өлеңде «тәңір, ие» көп кездеседі. Бұнда жастар махаббатының нақтылы шындығынан гөрі сұлудың көркін мадақтау көп», — деп жазадыМұхтар Омарханұлы Әуезов(Шығармалар жинағы. 20-т., — А., 1985, 157- б.).
Қай жанрда жазылды?
Өлең бұрын-соңды ешқандай қазақ ақыны қолданбаған 6 буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген. Әрқайсысы 4 тармақты 22 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, башқұрт, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде,
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бихабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Сан кісі мұңайсын,
Сабырмен шыдайсың.
Күйемін, жанамын,
Еш рахым қылмайсың.
Ақылсыз би болмас,
Сәулесіз үй болмас.
Жүректе оты жоқ,
Адамда ми болмас.
Шын ғашық сый болмас,
Сый болса, сыр болмас.
Арызымды айтайын,
Құй болар, құй болмас.
Кең маңдай, қолаң шаш,
Я бір кез, я құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш!
Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңілің бөл,
Қалқамның нұсқасын,
Көр, көзім, бір кенел.
Қайғың – қыс, жүзің – жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса әуез.
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл басымды,
Жолыңа берсем де аз.
Иісің – гүл аңқыған,
Нұрың – күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.
Қаяусыз қалпынан,
Өзі артық даңқынан.
Қызыл тіл шыға алмас,
Мақтаудың шартынан.
Сенсің – жан ләззәті,
Сенсің – тән шәрбәті.
Артықша жаратқан,
Алланың рахматы.
Көрік – тәңірі дәулеті,
Қылса ұнар құрметі.
Сұлуды сүймектік —
Пайғамбар сүндеті1.
Не десем саған еп?
Ғашығың да қайғы жеп.
Өртенген жүрекке,
Бір көрген болар сеп.
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім лүпілдеп.
Назыңа кім шыдар?
Бұраңдап жүр шығар.
Қасқая күлгені,
Қылады тым құмар.
Ер емес қымсынар,
Әркім-ақ ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім,
Күн бар ма бір тынар?
1Сүндет, сүннәт (арабша) – Мұхаммедтің істеген ісі мен айтқан сөзі. Бұл жерде дәстүр деген мағынада.