Абайдың замандасы Көжекбай Жамантайұлына (1847-1918) арнап айтқан өлеңі.
Қашан жазылды?
Абай бұл өлеңін 1886 жылы 41 жасында ауызша шығарған.
Қайда жазылды?
4 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында шығарған.
Қайда жарияланды?
Өлең алғаш рет ақын шығармаларының 1933 жылғы толық жинағына енгізілді. Кейінгі басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгеріске ұшырамаған.
Өлең не жайында?
Көжекбай – Тобықты руының Мамай атасынан шыққан адам. Сөзінде тұрақ жоқ, айла-шарғы, өтірік-өсекке жақын, екіжүзді Көжекбайды ақын: «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысық» деп онша ұнатпаған. Абай бұл өлеңінде Көжекбайды өткір тілмен мінеп, шенемей-ақ, кезі келген сәтте айтылатын қарапайым тілмен оның шынайы тұлғасын ашып берген.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған, көлемі төрт тармақтан тұратын 1 шумақ өлең.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең қырғыз, орыс тілдеріне аударылған.
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген.