Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КЕЙДЕ ЕСЕР КӨҢІЛ ҚҰРҒЫРЫҢ»

«КЕЙДЕ ЕСЕР КӨҢІЛ ҚҰРҒЫРЫҢ»

Абайдың кемеліне келген кезінде жазған, махаббат тақырыбындағы шоқтықты шығармаларының бірі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (3-бөлік. Өзі туралы. 37-бет). Өлеңнің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

Қазақ қоғамының бар бітімін бажайлап, жақсылық-жамандықтарын байсалды парықтаған ақын адамды қуаныш-бақытқа бастар бір жол – махаббат деп біледі. Ақын қырық жастың жауан ортасына шықса да бастықпаған асау көңілді есерге теңейді. Мұнысы әдемі жарасым тапқан, жағымсыз әсер туғызбайды. Қайта «тартқан бейнет, өткен жас жүректің отын сөндіре» алмайды деген қорытындыға келеді. Махаббатсыз адам хайуанмен бірдей, оған дүние ғана дос. Өмірдегі екінші бір қызығың – «қатының, балаң, досың». Осындай ордалы ойды, қуатты қанағаттандырған туындының тал бойы да толыққанды.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқаспен өрнектелген. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар.

Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат – өмір көркі, рас,

Өлген соң ол да үндемес.

Махаббатсыз – дүние дос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұшымас.