Абайдың ағартушы-демократиялық көзқарастарының басты принциптері барынша толық көрінетін өлеңі.
Қашан жазылды?
Кейбір деректерге қарағанда, Абай бұл өлеңді өз балалары – Әбдірахман, Мағауия, Гүлбаданды Семейге апарып, оқуға бергеннен кейін жазса керек.
Қайда жазылды?
134 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайүғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (6-бөлік. Нәсихат туралы, 51-53 беттер). Туындыда аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында өлеңнің 29-жолы «Я қазақтың баласы» деп келтірілсе, басылымдарда бұл жол 1909 жылғы жинақ бойынша «Я қазақтың аласы» ретінде алынған. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің екінші басылымында (Қазан, 1922), «Интернатта оқып жүр» өлеңі ешбір өзгеріссіз, 1909 жылғы жинақ бойынша берілген (105-108 беттер). Үшінші басылымда (Ташкент, 1922) бұл өлең мүлде өзгертіліп, «Интернатта оқып жүр» дейтін сөздерден басталатын 77 жол қысқартылып, «Ғылым таппай мақтанба» дейтін сөзден басталатын 75 жолы ғана басылған. Өлеңнің қысқартылу себебі нақтылы ашып айтылмай, берілген түсіндірмеде былай делінген: «Өзімізден болмаған себептерден, Семей интернатындағы орысша оқыған балалар туралы өлеңнің де біразы жіберілмеді» (Абай Құнанбайұлының таңдамалы өлеңдері, Ташкент, 1922, 4-бет). Осылайша Абайдың «Интернатта оқып жүр» дейтін көлемді тұтас бір өлеңі бұзылып, жартысы ғана жарияланған.
Ал, 1933 жылғы толық жинақта осы «Интернатта оқып жүр» деп басталатын бір өлең екіге бөлініп, соңғы екінші бөлімі («Ғылым таппай мақтанба», 27 жол) өз алдына жеке өлең болып басылған (87-89 беттер), одан кейін өлеңнің бастапқы бөлімі жеке өлең ретінде, жинақтың 91-93 беттерінде басылған. 1933 жылдан бастап, одан кейінгі барлық басылымдарда, 1933 жылғы жинақ бойынша, бір өлең екі бөлініп басылып келе жатыр.
Өлең не жайында?
Өлеңнің негізгі тақырыбы – қазақ балаларының азаматтық білім беретін мектептерде оқып, білім алуы, ғылымға, өнерге тартылуы, халқына адал қызмет етуі жайлы. Өлеңнің алғашқы жолдарында жасөспірім қазақ балаларының оқуға көптеп тартылғанын қанағат сезімімен айта келіп, автор одан әрі осы оқудың әртүрлі көлеңкелі жақтарын сынайды, оның түпкі мақсатының тайыздығына өкініш білдіреді. Мысалы, ата-ана баласының үкімет орындарындағы ереже, заңдарды біліп шыққанына ырза. Ал шәкірттердің кейбіреулері орысша арыз жазып, сонымен күн көруді, әрі кеткенде не тілмаш, не адвокат болып, ел ішіндегі алауыздық арасынан жалған беделге ие болуды ғана арман етеді. Сол себептен де ақын: «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой» деп, жас ұрпақтың үлкен адамгершілік мұраттарынан, рухани қазынадан қағыс қалатынына қынжылады. Өлеңнің 2-шумағында автор өзінің ағартушылық бағдарламасының негізгі тұғырларын өз тарапынан жастарға тікелей арнаған үндеу сөздерімен жеткізеді: Бас пайдаңды ойлама, ар-абыройды ойла; талмай талаптанып, ғылым ізде. Әскери қызмет қылып, шен алуды мақсат етпе, әкімшілік орындарына да қызмет істеп жағынба. Алыс та болса, асыл мақсаттарды көздеп, өмірден іргелі орын алуға үмтыл. Соның барлығында да тура жолдан тайма, адалдықтан айныма. Ақынның жас ұрпақты оқыту женіндегі талаптары осындай.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 7 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған, көлемі 134 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең белорус, қырғыз, орыс, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение1 жазуға,
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз2, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват3 –
Я Семейдің қаласы?
Я қазақтың аласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий4,
Ақыл айтпай ма ағасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный5 қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға6 кіруге,
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың7 тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен тәуекел,
Занимайся прямотой8.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге?
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі9,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі10,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз –
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір11 болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан12, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын, хаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.
1Прошение (орысша) – арыз, өтініш.
2Иждиһат (арабша) – талап, жігер.
3Виноват (орысша) – кінәлі, айыпты.
4Здравомыслящий (орысша) – зерек, әр істі ақылмен ойлап шешетін адам.
5Военный (орысша) – әскери.
6Коренной (орысша) – ежелгі, негізгі, тұрақты. Бұл жерде істің ең орындысын табу деген мағынада.
7Счет (орысша) – есеп.
8Занимайся прямотой (орысша) – турашыл, батыл бол деген мағынада.
9Нәфрәтлі (арабша) – жиіркенішті.
10Ғибрәтлі (арабша) – үлгілі, өнегелі.
11Күпір (арабша) – діннен шығу.
12Мизан (арабша) – таразы.