Абайдың аса биікке, шырқауға көтерілген өлеңі, мұнда жер бетіндегі бүкіл адамзаттың мұң-шері, қайғы-қасіреті, ішкі жан сезімі, арман-мұраты көрініс тапқан.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1900 жылы жазылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» деген жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер көздеседі. Барлық басылымдарда 4-шумақтың 1-жолы 1909 жылғы жинақ негізінде «Халықтың аты керек қой» деп алынса, бұл жол Мүрсейіт (1905 ж.) қолжазбасында «Үміттің аты керек қой» болып берілген. 1909, 1939, 1945 жылғы басылымдарда 6- шумақтың 4-жолы «Бермесең қалар төгіліп» делінген, ал 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасы негізінде «Бермесең қалар түңіліп» болып түзетілген.
Өлең не жайында?
Өлеңде ұлы ақын елдегі алдамшы атқамінерлерден түңіліп, қатты ашынып, өзінің жалғыз қалғанын толғағандай сыңай танытады. Себебі өлең бірінші жақтан, лирикалық қаҺарман атынан жазылған. Бір қызығы, өлең бастан-аяқ жүрекпен ең қимас досыңдай сырласып, оған алыс шыңыраудағы шерін шертеді. Доссыз, қимас жолдассыз өмірде мән де, мағына да жоқ екені дау тудырар ма? Бір-екі рет сыйласуға, қадірлесуге, құрметтесуге келген тәп-тәуір адамың аяқ астынан құбылып, ойламаған жерден бөтен мінез танытып, сыр білдіріп қойса, оған не дерсіз? Көңіл шіркіннен жүйрік ешнәрсе жоқ екені белгілі, алайда жүрек бір қалыптылықты, сүйсе беріліп сүйіп, біржола кіршіксіз махаббат пен ағынан жарылған адал да ақ пейілділікті қажет етеді. Әртүрлі қарым-қатынаста жалғыз жүрек жалын атып, жанын қоярға жер таппай, шыр айналып шындық іздейді. Оны таба алмайды, шырылдағаны — шырылдаған, шындық табыла қоя ма? Ол табылмаса,жүрек жанып, өртенгенін, күйіп-жанғанын қояр ма? Жоқ. Абай жүректің қадір-қасиетін терең сезінген, сондықтан бар даусымен жұртқа жүректің қалауымен жүріңдер, сонда ғана адаспайсыңдар деп тұрғандай.
Қай жанрда жазылды?
Туынды шалыс үй қаспен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!
Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?
Ортақтық, тыныштық достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой,
Бәрі – алдамшы саудагер.
Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.
Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Ақыл айтсаң біреуге
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңілііп.
Ақы беріп тындатқан
Сөз көкейге қонар ма?
Құлағын сатқан тәңірі атқан
Оңдырар ма, оңар ма?
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің,
Өмір қайда, дос қайда?