Абайдың «қиянатшыл дүниеден» торығып, қайғылы көңіл күйін толғаған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1899 жылы жазылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» деген жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер ұшырасады. 1939 жылғы жинақта 1-шумақтыңЗ-жолы «Қайтып аман қаласың сау» делінсе, қалған басылымдарда бұл жол «Қайтып аман қалсын сау» болып алынған. 1909, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 4-шумақ- тың 1-жолы «Қан жүректе қайғылы-ау» болып берілсе, 1957,1977 жылғы жинақтарда «Қан жүректі қайғылы-ау» түрінде алынған.
Өлең не жайында?
Адам баласы тірлігінде кіммен араласпайды, кіммен жақын болмайды. Солардың ішінде жаны сенімен бірге, көңілі жарасқан достық табу қиын. Дос — жолдас болып жүріп байғұс жүрегіңнің дал-дұлын шығарып кетсе, ол адам тірі жүрсе де өлі. Сондықтан Абай: «Өлді кейі, кейі -жау» дейді. Егер шынында өлген адам болса, ақынның аруақты қозғамасы белгілі. Өйткені ақынның «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, сауының жамандықтан аманы жоқ»дейтін ұлағатты сөзі бар. «Жүрегім менің — қырық жамау» деген терең мағыналы, әрі бейнелі ғажап теңеуді Абайға дейін ешкім айтқан емес. Неге ол «қырық жамау» деген сұраққа ақынның өзі бір ғана сөзбен жауап береді: «Қиянатшыл дүниеден!» Расында мынау жарық дүниенің асты толған күнә, толған қиянат. Адам баласы өзімен бірге туған бауырымен, екінің бірі, егіздің сыңарымен келісе алмай, өмір бойы араз болып, бірімен-бірі араласпай, жат болып, бөтен болып өтері хақ. Себебі, Абай айтқандай, өмір зорлық пен зомбылыққа толы.
Қай жанрда жазылды?
Туынды 6-7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.
Өлді кейі, кейі – жау,
Кімді сүйсе бүл жүрек.
Кімі – қастық, кімі – дау,
Сүйенерге жоқ тірек.
Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі – асау,
Бізге онан пайда жоқ.
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған.