Абайдың дүниежүзілік әдебиеттің өресіне көтерілген туындыларының бірі,ғашық жігіттің сезім-сырын сүйген қызына жолдаған сәлем хаты арқылы баяндаған өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды («Жігіттің қызға айтқаны» деген тақырыппен басылды, 4-бөлік. Ғашықтық туралы, 44-бет). Оның басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1933 жылғы басылымында 1-шумақтың 4-жолы «Ағар көзден ыстық жас» болып басылған. Ал Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта, кейінгі басылымдарда бұл жол «Келер көзге ыстық жас» ретіңде берілген. Сондай-ақ 1954 жылғы жинақта өлең «Жігіт сөзі» деген айдармен ұсынылған.
Өлең не жайында?
Өлеңде ішкі сезім-сырларын бүкпелемей, ашықтан-ашық ақтарып айтып отырған қазақ ауылының аңқылдаған ақ көңіл бозбала жігітінің шын мінезі, дәл бейнесі айқын көрінеді.
Өлеңде ақын жастықты, сұлулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін-бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монологы арқылы оның жан-жүрегін, кіршіксіз ақ махаббатын сөйлетеді. Туындыдағы сүйген қызына сәлем жолдаушы жігіт – Абай тұсындағы оқыған өмірден тоқығаны көп жаңа тұрпатты азамат. Жігіт үшін бүл дүниеде сүйгенінен артық ешкім жоқ. Бәрін соның жолына құрбан етуге әзір. Сол антының растығын сағынғанда көзіне келетін ыстық жасымен дәлелдейді. Өлең бірте-бірте ыстық ләззат сезімін тербеп, жан мен тән іңкәрлығына жетелейді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 7-8 буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғырт тілдеріне аударылған.
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар – артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.
Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.
Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?
Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бәрі рас.
Сіздей жардың жалғанда,
Қызығына жан тоймас.
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Тән шымырлап, бой еріп,
Ішім оттай күйгенде.
Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын,
Жарастықты шүйгенде.
Қылығыңда жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың,
Бір сағаттан бір сағат.
Сіз – қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан аймалат!