Абайдың ой-қиялы шарықтап, әбден асқар биігіне жеткен шағындағы байсалды да байыпты, байырғы ойларын түйіндеген өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның кейін табылған өлеңдерінің бірі, жазылған жылы белгісіз.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш әл-Жауһаридің Уфа қаласында басылған «Насихат қазақия» рисоласында (трактат) жарияланған. Шығарма ой сарыны мен өлең өрнегі жағынан алғанда Абайдың 1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңіне жақын келеді.
Өлең не жайында?
Адам жан-жақты есейіп, қабілет-күші марқайып, ақыл-ойы толығып, өмірді, салт-дәстүрді, жол-жобаны біліп толысады, шындық іздеп шыңдалады. ЖиҺан кезіп: «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады». Жастық шақ, жігіттіктің аласұрған екпінді қызуы енді бойды жеңіп, ақылға, иман-салауаттылыққа ауыспақ. «Тағдырдың маңдайға жазғанын хақтан біліп» жақсылық тілемек, игілік ұстанбақ. Ол үшін өзіңнен озған өнер иесінің соңына ер, жөнін жақтап, жыртысын жырт, көшелі кісі бол дейді ақын. Бұл қиын нәрсе ме? Әрине, қиын. Әсіресе өзім білем, менде кем емеспін дейтін тоң мойын, бір бет, қисық мінезді адамға қиынның қиыны. Алдымен құдай жаратқан пенденің ниеті түзу, көңілі аппақ, пейілі кең болуы ләзім. Түзу, адал, таза жүрген мақұл. Өсек айтпа, өтірік, жалған сөйлеме, біреуді сыртынан ғайбаттама. «Екі елі аузына үш елі қақпақ қой», былапыт, бос даурықпаға үйірсек болма деген уағыз халық тәрбиесінің негізгі принциптерімен ұштасып, ұрандасып, үндесіп жатыр.
Қай жанрда жазылды?
Туынды 10, 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Абайдың кейін табылған өлеңі, 4 тармақты 2 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ешбір тілдерге аударылмаған.
Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,
Бой жеңбек, ер жігітке, ғақыл таппақ.
Тағдырын көрушінің хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.
Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ,
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.