Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ»

«ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ»

Абайдың табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындыларының бірі.

Қашан жазылды?

Ақын бұл өлеңін 1888 жылы 43 жасында жазған.

Қайда жазылды?

5 шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Шығарма алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (4-бөлік. Ғашықтық туралы, 42-бет). Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында 5-шумақтың 2-жолы «Лүпілдеген жүрегі» делінсе, барлық басылымдарда бұл жол 1909 жылғы жинақ негізінде «Дүрсіл қағып жүрегі» болып берілген. 1939, 1977 жылғы басылымдарда 3-шумақтың 1-жолы «Тау жаңғырып, ән қосып», 1945, 1957 жылғы жинақтарда «Тау жаңғырығып, ән қосып» түрінде басылған.1939, 1945 жылғы басылымдарда өлеңнің жазылу кезеңі 1898 жыл деп көрсетілген.

Өлең не жайында?

Абай көшпелі қазақ ауылының жазғы жайлаудағы бір түнгі тіршілік көрінісін асқан ақындық шеберлікпен көркем суреттейді. Жарық айдың сәулесі суға түсіп, дірілдеп тұрған жанды бейнесі, терең сайды қуалап, тасқындап ағып жатқан өзен, қалың ағаштың сыбырласқан жасыл жапырақтары, жер жүзін құлпыртып тұрған көкорай шалғын – табиғаттың сан алуан суреті көз алдыңа келіп, көңіліңе қона кетеді. Абайдың таңғажайып тамаша лирикасының қадір-қасиетін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7, 8 буынды жүйеде қалыптасқан. 1, 2, 3, 5- шумақтары шалыс ұйқаспен кестеленсе, 4-шумағы шұбыртпалы ұйқаспен өрнектелген. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс , өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр, неміс тілдеріне аударылған.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы

Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып

Үрген ит пен айтаққа.

Келмеп пе едің жол тосып

Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып,

Бір суынып, бір ысып,

Дем ала алмай дамыл қып,

Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі,

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі?