Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАС ӨСПІРІМ ЗАМАНДАС ҚАПА ҚЫЛДЫ»

«ЖАС ӨСПІРІМ ЗАМАНДАС ҚАПА ҚЫЛДЫ»

Адал еңбегі мен маңдай терін емес, арын сатып, ант ұрған жас өспірім замандастың қапа қылған азғын мінезін, мән-мағынасыз өткізген есіл өміріне күйініп жазылған аса қуатты өлеңдерінің бірі.

Қашан жазылды?

Басқа жанкешті жұрттардан көш ілгері қалып қойған қазақты өзгелермен теңестіруде адал еңбек пен берекелі кәсіпті, баянды білім мен өрісті өнерді серік ететін жаңа тұрпаттағы арлы ұрпақты аңсауынан туған өлеңін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жазылды?

16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны

Өлең не жайында?

Бодандық бұғауындағы халқының ертеңіне көз салып, бүгінгі ісінің елдік қасиеттерден ада тұрлаусыздығына күйінген ақын жас өспірім замандастарына үміт артады. Олардың бойынан адамдық асыл қасиеттерден суарылған харекетшіл тұлғалық сипаттарды көргісі келеді. Басқа жанкешті жұрттардан көш ілгері қалып қойған қазақты өзгелермен теңестіруде адал еңбек пен берекелі кәсіпті, баянды білім мен өрісті өнерді серік ететін жаңа тұрпаттағы арлы ұрпақты аңсады. Өз еңбегіне, ақылына сүйенуімен игіліке қолжеткізе алатын жігерлі жастардың қаулап өсуін армандады. Сондықтан да өз заманына, замандастарына қатал сыншы болған ақын ескі әдетінше қарысып баққан өңшең қу, пәлеқорлыққа жаны құмар ой-өрісі тар ар-ұяттан безінген «сенімі жоқ серменде өңкей жынды» жастардың тұрлауы жоқ күйкі тірлігіне, енжарлығына қарсы шығады. Ұғымсыз, меңіреу, зұлым топтың жақсы менен жаманын, асылы мен жасығын, анығы мен танығын, ер мен езін айырмаған тұрлаусыз өміріне, мешеулік қалпына ой жүгіртеді. Сабырсыз, арсыз, аял жоқ, іліп-жұлуға бейім әулекі де арсыз дүлей күштің беталысынан түршігеді. Дін ісін, құдай ісін айра алмас иманнан безінгендердің арын сатып, ант ұрып құлқынның құлы болған таяздығын, мешеулігін, енжарлығын, көрсеқызарлығын шенейді. Іске тиянағы, өмірге бейімі, жұмысқа қыры, сөзінде шындық жоқ ынтасыз қыңыр қайтып өнер үйренбек деген жан жабырқатар көкейкесті сауалға жауап іздейді. Сол арқылы жастардың заман, өмір, қоғам көшінде қорланып қалмауына ой салады. Еңбексіз еппен мал табам деген тиянақсыз тоғышар тірлігінің берекесіздігін, әдепсіздігін бетіне басады. Елді алдап арбауымен құнын даулаған ессіздігін, таяздығын мінейді. «Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай, Сендіре алмай, сене алмай, сенделген» күйкі тірлігінің мәнсіздігіне көз жүгіртеді. Өзін ғана сансыратпай, өзгелерді де сенделтуімен, алдап арбаумен өткізген тұрлаусыз тіршілігіне ой салады.

Ақ адал еңбегін емес, арын сатып бұлданған, ант ұрған жас өспірім замандастың ашындырған азғын мінезін, мағынасыз өткізген есіл ғұмырына өкініш білдіре ыспаттайды. Олардың керенау кертартпа санасын сынға ала отырып түңілгенімен, қоғам дертінен арылуға, кеселді мінезден тазаруға ой салады. Арамзалықтың жолын кесуге адастырмас бағыт-бағдар беретін тәлімімен бөліседі.Бодандық бұғауындағы бағдарсыз қоғамның, жатқа тәуелді қорғаншақ қор қауымның қайғысын толғайды, өксігін жеткізеді. Ел ертеңін ерек ойлаған даналығына бойлатады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.206]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көңіл-күй лирикасы және саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған өлең 4 тармақты 4 шумақтан тұрады. 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Жас өспірім замандас қапа қылды,

Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.

Тұрлау қылып ешнәрсе басқара алмай,

Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.

Жамандық, жақсылық пен – оған бір бәс,

Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені –

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.

Тұрлаусыздың қолынан не келеді?

Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?

Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,

Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді.

Онда оны алдайды, мұнда мұны,

Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.

Алты жақсы жүз жылқы болған басы

Бір семіз ат болады оның құны.