Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП»

«ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП»

Абайдың отты, тегеуірінді жастық шақ тақырыбына қайта оралып, жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан алынып, алғаш рет Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (6-бөлік. Нәсихат туралы, 53-54 беттер). Туындының басылымдарында текстологиялық өзгерістер ұшырасады. Мүрсейіт қолжазбаларында 3-шумақтың 4-жолы «Жылы жүріп жайнасын», 4-шумақтың 2- жолы «Жазасын тартып жауласар» болса, кейінгі басылымдарға 1909 жылғы жинақ негізінде «Жылы жүзбен жайнасын», «Жазасын тауып жауласар» болып түзетілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта және осылар бойынша басқа басылымдарда 9-шумақтың 1-жолы «Сұм сұрқия қу заман» делінсе, 1933 жылғы басылымда бұл жол «Сұм-сұмырай қу заман» ретінде алынған. 10-шумақтың 3-жолы Мүрсейіттің 1905, 1907 жылғы қолжазбаларымен 1909 жылғы жинақ негізінде «Мақтанып жұртты шулатса» деп қабылданды.

Өлең не жайында?

«Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ» балауса өмірдің барламасындай болса, «Талаптың аты арындап әр қиынға салған шақ» алуан өнерге, ақындыққа құлаш ұрудың айшықты айғағыңдай сезіледі. Осындай шандез шақта талпынып, «Ақылмен тауып айласын», «талайғы кәрі дүниенің бір кетігін ұстап бағуға» үндейді ақын. Өмір үшін сондай бейнет-күресте «досыңа достық білдіріп, дұшпанға әділ болу — адамға басты қарыз іс» екенін зерделетеді. Ақын сырт көзбен барлап, пайымдап қана қоймай, өлеңге өзі араласып, жастықты «ары кеткен алдағыштардан» өзі арашалап алары да бар. Сөйте отырып: «Балы тамған жас қамыс — ормасаңшы көктейін» тәрізді тамаша бейнелі сурет салады. Жырдың көркемдігі кемел.

Қай жанрда жазылды?

7-8 буынды төрт жолдан құрылған шумақтар, бұзылмас шымыр егіз ұйқас берік жымдасып, шығарманың шырайын аша түскен. Әрқайсысы 4 тармақты 13 шумақтан тұрады, көлемі 52 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, орыс, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған шақ.

Талаптың аты арындап,

Әр қиынға салған шақ.

Уайым аз, үміт көп,

Ет ауырмас бейнетке.

Бүгін-ертең жетем деп,

Көңілге алған дәулетке.

Қайратпен кіріп жалынбай,

Ақылмен тауып айласын.

«Мен қалайға?» салынбай,

Жылы жүзбен жайнасын.

Қайратқа сеніп қақтықпай,

Жазасын тауып жауласар.

Қатынша тілмен шаптықпай,

Майданға шықса жарасар.

Жалыны қайтар дененің,

Үнемі тұрмас осы шақ.

Талайғы кәрі дүниенің

Бір кетігін ұстап бақ.

Құйрығы шаян, беті адам,

Байқамай сенбе құрбыға!

Жылмаңы сыртта, іші арам,

Кез болар қайда сорлыға.

Досыңа достық – қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол.

Асығыс түбі – өкініш,

Ойланып алмақ – сабыр сол.

Ақ көңілді жақсыдан

Аянбай салыс ортаға.

Ақылы, ары тапшыдан

Қу сөзін алма қолқаға.

Сұм-сұрқия, қу заман

Гүл көрінер жігітке.

Қызықты өмір жайнаған,

Кеудесі толып үмітке.

Бір нәрсені ұнатса,

Қайта ойланып қарамас.

Мақтатып жұртты шулатса,

Құмары сол қызба бас.

Сенісерге келгенде,

Сене берер талғамай.

Жұрты құрғыр сенгішке

Тұра ма қулық жалғамай?

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда, сөкпейін.

Балы тамған жас қамыс

Ормасаңшы көктейін!

Сені жақсы көрмесе,

Сенер ме еді сөзіңе?

«Япырмай!..» деп терлесе,

Ар емес пе өзіңе?