Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАЗ» («ЖАЗДЫГҮН ШІЛДЕ БОЛҒАНДА»)

«ЖАЗ» («ЖАЗДЫГҮН ШІЛДЕ БОЛҒАНДА»)

Абайдың жаздыкүнгі жайлаудағы қазақ ауылының өмір-тұрмысын суреттейтін өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның суреткерлік шеберлігін танытатын бұл өлеңді Абай 41 жасында жазған.

Қайда жазылды?

Абай бұл өлеңін ауылы Бақанас өзеніндегі Көпбейіт деген жерге жаз жайлауға қонып жатқанда жазған.

Қайда жарияланды?

Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (11-бөлік. Жаз, 67-бет). Өлеңнің бір нұсқасы (48 жол) 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінің 7-санында жарияланған. Өлеңнің басында: «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі», — деп түсінік берілген. Кейінгі басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1905, 1910 жылғы қолжазбаларында 19-жол «Сыбырласып сықылдап» деп алынса, жинақтарда бұл жол Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасы мен 1909 жылғы басылымға сәйкес «Әзілдесіп сыңқылдап» болып берілген. Мүрсейіттің қолжазбаларында «Суда тұрып шыбындап, құйрығымен шылпылдап» деген 10, 11-жолдар жоқ. Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында 23-жол «Аяңдап желе жылпылдап» болса, басылымдарда Мүрсейіттің1905 жылғы қолжазбасы 1909 жылғы жинақ негізінде «Аяңшылы жылпылдап» деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 27-жол «Әзілдесіп сылқылдап», 1933 жылғы басылымда «Қалжыңдап күліп сылқылдап» деп берілсе, кейінгі жинақтарда 1909 жылғы басылым бойынша «Кеңесіп, күліп сылқылдап» делінген. 1909 жылғы жинақта «Өткен күннің бәрі ұмыт» деген 56-жол кездеспейді. Бүл жол Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп, басылымдарға енгізілген.

Өлең не жайында?

Ақын бұл өлеңінде қазақ елінің өмір шындығын, қазақ ауылының тұрмысын әсерлі, тартымды, боямасыз суреттеген. Жылқының биік шалғыннан жоны қылтылдап көрінуі, көкке әбден тойып алған ат, айғырлар, биелердің бүйірі шығып ыңқылдап тұруы, не шыбындағанда суға кіріп, құйрығымен шылпылдап тұрған қалпы, құлын-тайлардың бұлтылдап шауып жүруі, үйрек-қаздың сымпылдап жоғары-төмен ұшып жүруі, үй тігіп жүрген қыз-келіншектердің бұрала басып былқылдап қимылдауы, сыңқылдап күлуі, не болмаса, аш баланың ет әпер деп қыңқылдап сұрауы, самаурынның бұрқылдап қайнауы, не болмаса, жарамсақ шалдың жалпылдап сөйлеуі, қошемет көрсеткенде қарқылдап күлуі, жылқышының күні бойы салпылдап жүргені – осының бәрі дамылсыз тіршілік белгілері, ешбір қоспасы жоқ, қалтқысыз өмір шындығын ашып, айқын көрсететін сипаттамалар.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған, көлемі 60 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр, неміс тілдеріне аударылған.

Жаздыгүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап.

Жоғары-төмен үйрек, қаз

Ұшып тұрса сымпылдап.

Қыз-келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,

Ақ білегін сыбанып,

Әзілдесіп сыңқылдап.

Мал ішінен айналып,

Көңілі жақсы жайланып,

Бай да келер ауылға,

Аяңшылы жылпылдап;

Сабадан қымыз құйдырып,

Ортасына қойдырып,

Жасы үлкендер бір бөлек

Кеңесіп, күліп сылқылдап.

Жалшы алдаған жас бала,

Жағалайды шешесін

Ет әпер деп қыңқылдап.

Көлеңке қылып басына,

Кілем төсеп астына,

Салтанатты байлардың

Самаурыны бұрқылдап.

Білімділер сөз айтса,

Бәйгі атындай аңқылдап,

Өзгелер басын изейді,

Әрине деп мақұлдап.

Ақ көйлекті, таяқты

Ақсақал шығар бір шеттен

Малыңды әрі қайтар деп,

Малшыларға қаңқылдап.

Бай байғұсым десін деп,

Шақырып қымыз берсін деп,

Жарамсақсып, жалпылдап.

Шапандарын белсенген,

Асау мініп теңселген

Жылқышылар кеп тұрса,

Таңертеңнен салпылдап.

Мылтық атқан, құс салған

Жас бозбала бір бөлек

Су жағалап қутыңдап.

Қайырып салған көк құсы

Көтеріле бергенде,

Қаз сыпырса жарқылдап.

Өткен күннің бәрі ұмыт,

Қолдан келер қайрат жоқ,

Бағанағы байғұс шал

Ауылда тұрып күледі,

Қошемет қылып қарқылдап.