Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАЗҒЫТҰРЫ» («ЖАЗҒЫТҰРЫ ҚАЛМАЙДЫ ҚЫСТЫҢ СЫЗЫ»)

«ЖАЗҒЫТҰРЫ» («ЖАЗҒЫТҰРЫ ҚАЛМАЙДЫ ҚЫСТЫҢ СЫЗЫ»)

Абайдың табиғат тақырыбына арналған, көктем көркі суреттелген өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтежарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (10-бөлік. Жазғытұры. 65-66-беттер). Туынды басылымдарында бірқатар өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

Өлеңдегі негізгі сарын сахара табиғатының көркін сипаттай отырып, қазақ халқының көшпелі өмір тұрмысын реалистік шынайылықпен нақты бейнелеу. Жазғытұрым жадырап, жайнаған табиғат аясындағы қазақ даласының тіршілігі, ауыл-аймағы, мал-жаны, кәрі-жасының көңіл күйі, дәулеті өнген шаруа, егін еккен диханшы – еңбек елінің бейнесі, айдын көлдегі аққу-қазы, сайда сайраған бұлбұлы, тастағы байғыз, көкегі – бәрі түгел көз алдыңа келеді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 6-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған, көлемі 66 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап – қора да шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз1.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.

Қырда торғай сайраса, сайда – бұлбұл,

Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,

Диханшылар жер жыртып, егін егер.

Шаруаның бір малы екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге

Рахметіне алланың көңіл сенер.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның пейілі енер.

Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер.

Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.

Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,

Таң атқан соң шығарын күннің біліп,

Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.

Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,

Күйеу келді, ай, жұлдыз к… қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар қуанар тойға елеріп.

Азалы ақ көрпесін сілке тастап,

Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.

Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң

Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,

Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.

Қызыл арай сары алтын шатырына,

Күннің кешке кіргенін көрді көзім.

1Баз (парсыша) – қаршыға.