Абайдың махаббат тақырыбына арналған, алаңсыз ғұмыр кешкен пенденің ғашықтық дертіне шалдыққан сәттегі жүрек лүпілін, оның тауқыметін қарапайым тілмен әсем суреттеген өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтежарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 23-бет). Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда соңғы шумақтың 3-жолы «Ештемеден қайғысыз» деп алынса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда1909 жылғы басылымға сәйкес «Ешнәрседен қайғысыз» болып берілген.
Өлең не жайында?
Өлең махаббат тақырыбына арналған. Былай қарағанда жұрттың бәріне мәлім көңіл-күй иірімін: от боп жанып, текке ұялып, күлер күлкі, ұйықтар ұйқы, ішер тамақтан қалған шарасыз жанның қасіретін баяндай отырып, Абайға ғана тән асқақ поэзия тіліне көшеді. «Жас теректің жапырағы жамырайды, соқса жел. Түсті мойын, толды қойын, ақты сел» деп тағдырдан шапағат күткен пәк көңілді жапырақ жайған жас терекпен әдемі салыстырады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 6- 7 буыңды қара өлең ұйқасымен жазылған, көлемі 27 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр, т. б. тілдерге аударылған.
Ем таба алмай,
От жалындай,
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай
Пендеге.
Босқа ұялып,
Текке именіп
Кімді көрсем, мен сонан.
Бетті бастым,
Тұра қаштым
Жалма-жан.
Ұйқы, тамақ
Қалды тым-ақ
Керегі жоқ іс болып.
Жай жатпағым,
Тыныш таппағым,
Күш болып.
Жас жүрегім
Жанды менің,
Жай таба алмай, япырым!
Өзің оңда
Жақсы жолға
Ақырын.
Жас теректің
Жапырағы
Жамырайды, соқса жел.
Түсті мойын,
Толды қойын,
Ақты сел.
Мен паң едім,
Бейқам едім,
Еш нәрседен қайғысыз.
Тез дерттендім,
Кейде өртендім,
Кейде мұз.