Абайдың өз замандасы Көтібақтан «Бөстек» дейтін бүркітін сұратып алған кезде ауызша шығарған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның кейін табылған өлеңдерінің бірі, жазылған жылы белгісіз.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Ел аузынан жазып алынған. Алғаш рет ақын шығармаларының 1945 жылғы жинағына енгізілді. Басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Жүйрік ат, алғыр қыранға құмар ақын немересі Әубәкірді жұмсап, Көтібақ дейтін кісінің «Бөстек» есімді бүркітін алдыртқанда қолма-қол шығарған. Көтібақ «күйшіл» деп кінә тағып, бабын таппай бүркіттің бағын байласа керек. Ақынның серілік жолдағы жаңа серігіне деген ризалық, көңіл хошы, алдағы қансонардан күтетін үміті аңғарылады. Сондықтан да таңдай қағып, тамсана суреттеп «Бөстекті» құл табан, кескіл тұмсық сияқты соны теңеулермен мадақтайды. Ақын «осы құстан, кәне, бір мін тапшы, тегін берейін» деген аңшыға, серіге тән алып ұшқан қызба мәрттікке дейін барады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буыңды қара өлең ұйқасымен шығарылған, көлемі 4 тармақтан тұратын бір шумақ.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды орыс тіліне аударылған.
Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.