Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БІР СҰЛУ ҚЫЗ ТҰРЫПТЫ ХАН ҚОЛЫНДА»

«БІР СҰЛУ ҚЫЗ ТҰРЫПТЫ ХАН ҚОЛЫНДА»

Абайдың әйел теңсіздігі тақырыбына арналып, шын махаббат, нәпсіқұмарлық, мақтан секілді сезімдердің сипатын бейнелі тілмен айшықтаған туындысы.

Қашан жазылды?

Әлеуметтік өзекті мәселені көтерген «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Бұл туынды алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинағының «Халық туралы» деген бірінші бөлігінде жарияланды.

Өлең не жайында?

Қара өлең ұйқасымен жазылған көлемі он шумақ өлеңнің басында романтикалық сарында сюжетті әңгіме айтылған. Бір жерде ханның қолында сұлу қыз тұрыпты. Хан ол қыздан жанын аямаған, алтын мен күмісті алдына қойған. Сөйткенде, бір күні ол сұлу қыз жас етімді кәрі шал сипағанша, маған өлім артық деп жартастан секіріп өлген. Өлеңнің алғашқы екі шумағында айтылатын әңгіменің мазмұны осындай. Абай бұл ертегіге ұқсайтын әңгімені жазып отырғанда, оқырманын болашақ шығарма идеясын ашуға дайындағысы келген сыңайлы.

Кім де кім өзінің теңін, құрбысын іздейді. Егер олай болмағанда, оған алтын мен күміс қызық емес, сән-салтанат көңілін таппайды. Жас сұлу қартайған, нәпсі қуған кәрі шалды қайтсін, олардың арасында шын махаббат, сыйластық сезім болмайды дейді ақын. Малына сенген пасық, есер бай біреудің қызын сатып алып, қатын қылғысы келеді екен. Оның бұл жиіркенішті тірлігі адамгершілікке жатпайтынын, сүймеген қызды қайғыға батыратынын айтады.

Жас қатыны көнген болып, майысып, қылық көрсетсе, біреулер соған мақтанып, мәз болып жүрсе, оның арты жалған екенін сақтандырады. Ондай қатынды шайтанның шәкірті деп есептейді. Ал байға қатының мен дастарқаныңды мақтан етсең, тіпті оңбассың деп ескертеді. Үйіңе кіріп алған қу жас қатының бәйбішеңмен тіл табыспайды, екеуі араз болады. Себебі жастың көңілі өзіне ғана аян. Бір жерге қыс пенен жаз қосылмайтынындай, кәрі шал мен жас қатын да бірге бола алмайды, екуінің көңілдерінің арасы тым қашық, жылшылық жер деп, жас қатын алуға желіккен кәрі байды кестелі тілімен өлтіріп шенейді.

Абайдың пікірінше, ерлі зайыптының арасы екі мүшелден аспағаны дұрыс. Одан асса, қанша мал берсе де, байдың алған әйелі қатын болмайды деп біледі. Абайға дейін әйел теңсіздігі мәселесі осыншалықты көркем, сыншылдық мазмұнда қазақ әдебиетінде көтерілмеген. ХХ ғасыр басында жазылған қазақ әдебиетіндегі көрнекті туындылар, соның ішінде өлеңдер, пьесалар, алғашқы көркем әңгімелер, повестер, романдар Абайдың ізімен әйел тақырыбын адамгершілік тұрғыдан суреттеді.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 9]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Шығармада әйел теңсіздігі тақырыбы көтерілген. Сондықтан оның мазмұнында гуманистік ой да айтылған деп есептеуге болады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,

Хан да жанын қияды қыз жолында.

Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,

Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.

Деген сөз: «Бұқа буға, азбан дуға»,

Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.

Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,

Кім де болса тұрғысын көксемек-ті.

Мезгілі өткен дәуренді қуалаған,

Неғылсын бір қартайған қу сүйекті?

Кәрі, жас дәурені өзге тату емес,

Епке көнер ет жүрек сату емес.

Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,

Мал беріп алғанменен қатын емес.

Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ,

Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?

Бай қартайса, малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, Құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр?

Қатыным «қалай» демес ақсақал бай,

Сонымен дос боп жүрсің япырым-ай!

Қу қатының майысса, мәз боласың,

Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!

Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.

Тіпті оңбассың, өзіңе-өзің мәз боп,

Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең.

Кінәсіз бәйбішемен болады араз,

Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз.

Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?

Үнемі болмас құйрықты бұлаңдатқан,

Сауырсына шапақтап, сүйіп жатқан.

Екі көңіл арасы – жылшылық жер,

Оны қайтып қосады ол антатқан?