Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА»

«БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА»

Абайдың оқыған, көзі ашық адам мен қараңғы кісі, біліктілік пен надандық, парасаттылық пен пасықтық бір-біріне қарсы қойылып, салыстыратын арнау өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (1-бөлік. Халық туралы, 23-бет). 1933 жылғы «Толық жинақтан» бастап, «Әсетке» аталып кетіп, солай басылып келеді. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1945 жылғы жинақтарда 5-шумақтың 4-жолы «Не білсін өнер ізденіп» делінсе, 1933, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол «Не қылсын өнер ізденіп» болып берілген.

Өлең не жайында?

1933 жылғы жинақта берілген түсінікте: «Біреуден біреу артылса» деген өлеңді Әсет деген ақынға айтқан. Мұны 1889 жылы балалары үшін сақтаған еді. Әсет: терісі тар, ызақор, өзін-өзі әлденелік көріп отыратын адам еді. Сол мінезінен шығарып айтқан (325-бет) делінген.

Ақын адамнан тек өнеріне, біліміне, ақыл-парасатына қарай артық саналуға тиіс деп есептейді. Автордың пайымдауынша, ақиқат, шындық, дұрыстық әрдайым оқығанның, білгеннің жағында. Талапшыл, ізденгіш адам ойлаған мақсатына жетеді, өмірден өзінің қалағанын табады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 8 буынды а, а, б, а ұйқасы үлгісінде жазылған, әрқайсысы 4 тармақты, 7 шумақтан тұрады. Сөз саптауы жатық, көркемдік дәрежесі жоғары.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тіліне аударылған.

Біреуден біреу артылса,

Өнер өлшеніп тартылса,

Оқыған, білген – білген-ақ,

Надан – надан-ақ сан қылса.

Оқыған білер әр сөзді,

Надандай болмас ақ көзді.

Надан жөндіге жөн келмей,

Білер қайдағы шәргезді.

Надан қуанар, арсаңдар,

Таңырқап тұра қалсаңдар.

Татымды ештеме болмас,

Адамсып босқа талтаңдар.

Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда.

Ісі жоқ теріс пе, оң ба?

Тіленіп, телміріп ізденер,

Тиын ба яки бір сом ба?

Ит көрген ешкі көзденіп,

Елерме, жынды сөзденіп.

Жасынан үлгісіз шіркін,

Не қылсын өнер ізденіп.

Кісімсіп белгілі білгіш,

Біреуге сондай-ақ күлгіш.

Бұлықсып, бұлданып босқа,

Өзімшіл, оңбаған шерміш.

Кісіде бар болса талап,

Отырмас ол бойын балап,

Жүрер, әрқайдан ізденер,

Алар өз сүйгенін қалап.