Абайдың «білектей бұрымына» тағылған «шолпысы сылдыр қағып», асықпай әсем болып келе жатқан, кәмшат бөрікті, ақ тамақ арудың бейнесін сипаттаған өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан алынып, алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтежарық керген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (9-бөлік. Сұлу ұрғашы туралы. 64-бет). Өлең басылымдарыңда аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909 жылғы басылымыңда 1-шумақтың 3-жолы «Кәмшат бөрік ақ тамақ қара суы», 1933, 1939 жылғы басылымдарында «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара шашты» болып берілген. Ал кейінгі басылымдарында бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты» түрінде алынған. 1954 жылғы жинақта 2-шумақтың 1-жолы «Аласыз қара көзі айнадайын» деп жазылса, 1939, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Аласы аз қара көзі айнадайын» ретінде 1909 жылғы басылымға сәйкес түзетілген. Сондай-ақ 1933, 1939 жылғы басылымдарда 2-шумақтың 2-жолы «Жүзіңе ыстық тиіп салған сайын» делінсе, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл тармақ «Жүрекке ыстық тиіп салған сайын» болып Мүрсейіт қолжазбаларына, 1909 жылғы басылымға орай өзгертілген.
Өлең не жайында?
Өлең сұлу қызды сипаттауға арналған. Ақын халық ұғымындағы қыз сұлулығының негізгі белгілерін тізбектеп келіп, жас арудың жалпы жұртты тәнті қылатын бет әлпетін кескіндейді, сыртқы сымбатын сипаттайды. Көрмеген көзге де айқын елестейтін бедерлі бейнесін жасайды. Мұны, бір жағынан, халықтың ұғымында қалыптасқан әйел сұлулығының шарты деп қабылдасақ, екінші жағынан, арманды әйел ажары жөніндегі автордың өз қалауы, ез талғамы деп те бағалауға болады. Ондай сұлулықтың қалыптасқан белгілері: қолаң шаш, ақ тамақ, қара қас, аялы мөлдір көз, маржандай тіс, бураң бел. Осындай керікке бастағы кәмшат бөрік пен бұрымындағы сылдыраған шолпысы да жарастық тауып, қыз бағын асыра түскендей. Ақын сыртқы белгілерден әрі асып, қыздың мінез-құлқына, жан дүниесіне үңілмейді. Сұлу қыздың суретін салумен ғана тынады.
Қай жанрда жазылды?
Өлеңнің алғашқы шумағы аралас ұйқаспен келеді де, қалған шумақтары дәстүрлі қара өлең ұйқасымен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады, барлығы 16 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлеңағылшын,қарақалпақ,қырғыз,орыс,өзбек,тәжік,түрікментілдеріне аударылған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.