Сарабдал да сарбаз сананың, парасат пен ізгіліктің үстемдік етуін аңсап, ұлтын өр мен өреге бастар өшпес өнегесін, өлмес ғибратын, өміршең ақылын танытатын өзгеше өрімдегі өлеңі.
Қашан жазылды?
Ұлттық мінездегі кенеуі кеткен кемшіліктерден арылу мен тазару арқылы надандықтан құтылуға шақырған өлеңін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.
Қайда жазылды?
54 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
Өлең не жайында?
Отаршылдық дәуірде береке-бірлігі кетіп, елдігі қожырай бастаған қазақ қоғамының ахуалы, бұлдыр болашағы, кеселді кемшіліктері Абайды күйзелтті. Тозған ел, азған жұрт, күйзелген халқының мүшкіл күйі, ауыр тағдыры, жарамсыз мінездері қайғысына қайғы қосты, жүйкесін жүн етіп, жанын жегідей жеді. Заманына сын көзімен қараған ақын ел ішін жайлай бастаған жиренішті кесір-кесапатты, сорақы былық-шылықты әшкерлейді. Бұлайша қорлықта, кемдікте өмір сүруге болмайтынын түйіп, қазақ тұрмысының көп дертін, жақсылығы менен жамандығын, асылы мен жасығын жіліктеп айтып береді.
Қаны қара, жаны жара ақын қалың елін қытымыр заманның қара түнегінен алып шығу жолын іздестіріп шарқ ұрады. Арын, антын саудалаған «бойы былғаң, сөзі жылмаңдардың» арсыздығын бетіне басып, ұрлық пен өтірік жайлаған қоғам дертіне кіжінеді, қарғыс таңбасын басады. «Байы баспақ, биі саспақ» елде «аққа тартқан, жөнге қайтқан, ақыл айтқа бенде жоқтығына» налиды. Заман кейпі, тұрмыс күйі, адам бойындағы асқынған дертті тізбелеп, уытты тілімен сынап-мінейді. Заманмен бірге мың құбылып адами қасиеттерінен жұрдай арсыз антұрғандардың, өркөкірек даңғойлардың «Сөз қыдыртқан, Жұрт құтыртқан» жат қылықты кейпін көрсетеді. «Кедейі – ер, Кеселі зор, Малды байдан сорлы жоқ» дағдарған, күйреген қаймана жұртының пұшаймын күйіне күңіренді.Ұлтының кайғысы мен қасіретіне бойлап, шерменде халықтың сай-сүйегін сырқыратар сөзімен ой салады, санасына сәуле түсіреді. Қағынған елдің сабылуы, малының шашылуымен ұрлық, өтірік гулеген жұрттың «байы – баспақ, биі – саспақ» әулекі аспақ сыпыра қулықтағы күйін жеріне жеткізе айтады. Ақшаға құнығып, ел ішін бүлдірген жетесіздер әрекетінен түңіледі, «аққа тартқан, жөнге қайтқан» ақыл айтар адам жоқтығына көңілі құлазиды. Қараулық пен қиянат, әділетсіздік пен арсыздық, залымдық пен пәлеқорлық жайлаған қоғамның ащы шындығын сынауымен шектелмей, заманға деген қарсылығын білдіреді.
Әз тұтатын, сыйласатын жан қалмағаны, сыпыра жылмаң сөз ұқпас желбуаздар қаптауымен қазақ қоғамының тығырыққа тірелген қайғылы күйіне қынжылады. Халқының рухани құлдырауының басты адамгершілік-этикалық сипаттарын бағамдауымен кеселі көп кемшілігіндегіқатерлі дерт, асқынған ауруына ем іздеп күңіренеді. Ұлттық мінездегі кенеуі кеткен кемшіліктерден арылу мен тазару арқылы надандықтан құтылуға шақырды.
Адамдық қасиеттерді аздырар, тұлғалық болмысты тоздырар індетті нәрседен сақтандырудағы гуманистік мұратын бүкпесіз бедерлейді. Сөз ұқпас сыпыра жылмаң жел буаздардың «айтты – көндім, алды – бердім» топастығын, тобырлық түйсігін сатиралық тілмен әшкерлейді. Тозған елдің, қағынған жұрттың тоқыраған тағдырына деген иманға суарылған ар-ұждан жауапкершілігін түйсініп, тобырмен бірге адасуына өкінеді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.191-192]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Әрқайсысы 6 тармақты 8 шумақтан тұрады, барлығы 54 жол. 4,7 буыннан түзілген өлең ұйқасы -а, -а, -б, -в, -в, -б.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, татар, башқұрт тілдеріне аударылған.
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында,
Тұл бойында
Бір міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі – ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гу де гу.
Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген,
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтар пенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сыпыра жылмаң желбуаз?
Айтты – көндім,
Алды – бердім,
Енді өкіндім – өзіме аз.