Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АШ ҚАРЫН ЖҰБАНА МА МАЙЛЫ АС ЖЕМЕЙ?»

«АШ ҚАРЫН ЖҰБАНА МА МАЙЛЫ АС ЖЕМЕЙ?»

Абайдың адал еңбек, адамгершілік, ар, ұждан, талапкерлік, байлық пен кедейлік туралы гуманистік-философиялық терең ойын көркем жеткізген асқақ туындысы.

Қашан жазылды?

Философиялық-тәрбиелік мағынасы күшті «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта  жарияланды.

Өлең не жайында?

Ақын осы өлеңінде бірнеше ой қозғаған. Туындының негізгі идеясы – адал еңбек етуге, мал табуға, сол арқылы ел құрметіне бөленуге, абыройға жетуге шақыру. Сонымен қатар, шығармада автор тілемсектеніп, құлдық ұрып, тамақ аңдып тентіреп жүрген бейшара жандарды сынайды. Ондай сүйкімі жоқ адамдарды жеккөрінішті етіп көрсетіп, өз үйінде күнде қарын тоятындай жалданып жұмыс істеуге, мал табуға шақырады. Сонда ғана ондай адамды ел де сыйлай бастайды дейді. Бойында күш пен қайраты барда адам еңбек қылмаса, оның өмірі ұшқан желдей босқа өтеді деп тұжырым жасайды.

Ал мал табу үшін адам ерінбеуі тиіс, талаптану керек, тәуекелге бел байлағаны дұрыс дейді. Адамды адам етіп көрсететін белгі – адал еңбек еткені. Қулықпен, ұрлықпен, айламен тапқан малдың қайыры жоқ, берекесі болмайды. Ондай жолға түскен адам сұм нәпсінің құлына айналады, ақыры жасаған ісінен зардап шегеді деп сақтандырады. Бір тойғанға ез адам жұбанады, бірақ оның тойғаны тапқан дәулет боп саналмайды. Адам еңбек етпей мал табуға, байлыққа жетуге ұмтылса, ол ісі де дәулетке айналмайды, қар суындай тез еріп кетер деп ескертеді.

Абай өлеңінің соңында сыртын жылтыратқан, сымпиған, тамақ аңдыған, «жылы жүзін асқа сатқан» және күлкішіл, қалжың қуған, өз үйінен безіп жүрген антұрғанға жолама деп ақыл айтады. Өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің әлеуметтік топтарының көркем суретін айшықты берген дидактикалық қуаты күшті өлеңнің мағынасы осы күні де ескірмеген деп санаймыз. Өлеңдегі ой жазылған тұста қазақ жұртына ғана арналған даналық саналса да, оның мазмұнында адамзат баласына ортақ гуманистік-дидактикалық философияны түсінеміз. Адал еңбекпен абыройға кенелу сынды терең ой адамзат баласына ортақ құндылық саналады. Осы жағын ескергенде, Абай –адамзаттық деңгейдегі ұлы ойшыл, кемеңгер ақын екеніне анық көз жеткіземіз.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.223]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көркем туынды философиялық-әлеуметтік мазмұндағы лирика жанрында жазылған. Ақын ойын бірінші жақтан жеткізген. Өлеңде лирикалық кейіпкер бар. Ол ақылын оқырманға қаратып айтады. Ақын даналық ойларын аз сөзбен, кестелі тілмен айшықты бейнелеген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?

Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.

«Бір тойған – шала байлық» деген қазақ,

Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене жоқтықтың әсері емей?

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті, дәмді іздер ең онан да әрман.

Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,

Құлдық ұрып асайсың асы бардан.

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,

Ас берер ауыл іздеп жүрсің босқа.

Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек к…н жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,

Сенімді дәулет емес сен қуанар.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар.

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,

Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,

Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан

Антұрғанға қосылмай кетсін қаңғып.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,

Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.

Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген

Антұрғанға қосылма қапылыста.