Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ»

«АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ»

Абайдың бала тәрбиесі, ата-ананың өз ұрпағына сүйіспеншілігі, оған артар міндеті, күтер үміті туралы жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңнің түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан алынып, алғаш рет 1933 жылы Қызылордада жарық көрген ақын өлеңдерінің толық жинағында «Ағыбайға» деген атпен жарияланды. Туындының басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

Ақын өлеңде әрбір ата-ананың баласын мәпелеп, еркелетіп өсіретінін, олардың тәлім-тәрбиесіне айрықша мән беретінін баяндай келіп, егер бала жасынан от басы, ошақ қасынан аса алмай, үйкүшік, жасық болып өссе, онда әке-шеше еңбегінің зая кететінін, үміт-арманының орындалмайтынын айтады. Сондықтан ақын жас ұрпақты жаңалық атаулыға үйір, талапты, жігерлі болуға, қатарынан қалмауға, масыл болмауға шақырады, елін, жерін сүйер, ата-анасын, туған-туысқанын сыйлар жақсы азамат тәрбиелеуді басты шарт етіп қояды.

Қай жанрда жазылды?

Өлең шумақтарының алғашқы 4 жолы 8-7 буынды шалыс ұйқаспен өрнектелсе, соңғы 3 жолы 5-3 буынды өлшеммен шұбыртпа ұйқасқа құрылған. Өлең әрқайсысы 7 тармақты, 6 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Ата-анаға көз қуаныш –

Алдына алған еркесі.

Көкірегіне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі.

Еркелік кетті,

Ер жетті,

Не бітті?

Оқытарсың молдаға оны,

Үйретерсің әр нені.

Медеу етіп ойы соны,

Жаны тыныштық көрмеді.

Жасында күтті,

Дәме етті,

Босқа өтті.

Ата көңіл жанбаса бір,

Артық өнер шықпаса.

Ел танымай, үй танып құр,

Шаруасын да ұқпаса –

Үміті қайда?

Соны ойла,

Абайла!

Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйінерге жарар ол.

Сүйкімі жоқ құр масыл би

Сүйретіліп өтер сол.

Табылмас қайла,

Ойбайла –

Не пайда?

Зарланарсың, ойланарсың,

Не болам деп енді мен.

Құрбылардан қорланарсың,

Тәңірі ісіне сен де көн.

Қайғысыз пенде,

Көрдің бе,

Өміріңде?

Тәңірі сорлы етсе пенде,

Не бітірер құр жылап.

Жігері жоқ ақылы кенде,

Жамбасыңнан жат сұлап.

Бір жаман мен бе,

Дедің бе,

Көңіліңде?