Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АНТПЕНЕН ТАРҚАЙДЫ»

«АНТПЕНЕН ТАРҚАЙДЫ»

Абайдың отаршылдық дәуірдегі бағдарсыз қазақ қоғамының бас еріксіз ел билеу ісіндегі зиянды кем-кетікті сынап жазған саяси-әлеуметтік лирикасы.

Қашан жазылды?

Бодандық бұғауындағы қазақ қоғамын жайлаған кесір-кесапатты ар биігінен талдап таразылаған өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

36 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

1894 жылғы болыс, билер сайлауының сиезі кезінде қауым тізгінін ұстаған атқамінерлердің елдікке жат мінез-құлқы, арға ауыр аярлықтары ақынды ашындырды. Отаршылдық саясат тудырған қоғамдық кеселге сын көзімен қараған әлеуметшіл ақынды патшалық әкімшілік басқар жүйесіне лайықталған ел билеу ісіндегі дау-шарға толы зиянды қылықтар бейжай қалдырмады. Антпен тарқаған өңшең тоғышар жуандардың мансап, мақтан қуған көрсоқыр надандығы мен азғындығын шенейді. Құлқұнын ойлаған игі жақсылардың елді дүрліктіріп, ынтымағына іріткі салар бақай есепке құралған айтыс-тартыстарды өршітіп отырғаны қынжылтады. Өнімсіз дау-жанжалға маталған дарақылықтарына қорланады. Халық мүддесінен жеке басының пайдасын артық көретін кесірлі содыр-сотқар әдеттерінің күннен күнге терең тамыр жаюынан үрейленеді. Халқын толғандырған қоғамдық өмір мәселелерін ар биігінен талдап таразылайды. Ашынған үнін, кекті наразылығын жеткізеді. Мансап пен мақтанға, пәлеқорлық пен жемқорлыққа салынған қаймана жұртының елдікке жат кесірлі мінезінен түңіледі. Бақастық пен күндестік әулекілік пен есерлік кері кетірген елінің бір біріне ор қазған алауыздығын, анттасып тарқасқан қиянатын сынайды. Өзімен жемдес содырмен ауыз жаласқан, пайда іздеген пысықтардың құрық бойлатпас арамзалық бет пердесін ашады. Шенқұмарлықтың жемқорлыққа ұласуының айықпас індет-дертке айналып отырғанын аңғартады. Адамдық қасиеттен аттаған ағайынның құрдымға бет алған залымдық кейпіне күйінеді. Кеңесте антпен тарқаған елдің ісінде береке, сөзінде пәтуа жоқ екіжүзділігін мысқылдайды, уытты тілімен түйрейді. Азған елдің жебір, аларман билерінің елді берекеге емес, әрекеге тартқан есерсоқ қиянатына қарғыс таңбасын басады. Сасқан жұрттың қайырымы жоқ арсыздар азғыруымен егеске түсіп, оңай жем болып отырғанын ашып айтады. Бір біріне жақсылық емес, қастық ойлап мың құбылған қандастарының сұмдық-сұрқиялығына қан жүрегі езіледі. «Таласып тарқайды Ақшадан төрт-беске. Бірлікті шайқайды, Араз боп өнбеске» салынып отырған надандық торына маталған ел мінін бетіне басады. Мансапқа таласып қор болған ел бірлігі шайқалуының түбі қайда апарып соғарын аңғартып, қоғам дертіне қарғысын білдіреді. Бірлігі кеткен, ерлігі семген өнерсіз, кәсіпсіз, еңбексіз бүлінген елдің кері кеткен сиқынан шошынады, түршігеді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.202-204]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. А.Байтұрсынұлы туындыны қазақ позиясындағы тұтас шумақты өлең түрі деп бағалады. Ұйқасы абаб болып келеді. С.Мұқанов 36 жолды «Антпенен тарқайды» өлеңін тұтасымен бір шумақ дейді. Қазақ поэзиясына қосқан жаңалығы деп бағалайды. Антпенен тарқайды, — а / Жиылса кеңеске. — б / Ор қазып байқайды — а / Туа жау емеске.- б / Анттасын алқайды,-а / Сен тентек демеске, — б деген сияқты өлеңнің өн бойында а, б, үйлесі үнемі аралас келеді де отырады: 1, 3, 5, 7, 9, 11, 13, 15, 17, 19, 21, 23, 25, 27, 29, 31, 33, 35 жолдардың аяғы «тарқайды», «байқайды», «алқайды» деген сияқты бір жүйелі үйлес боп, 2, 4, 6, 8, 10, 12, 14, 16, 18, 20, 22, 24, 26, 28, 30, 32, 34, 36 жолдар «кеңеске», «емеске», «демеске», «жемеске» деген сияқты бір жүйелі үйлес боп отыратынын түйеді.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тіліне аударылған.

Антпенен тарқайды,

Жиылса кеңеске.

Ор қазып байқайды

Туа жау емеске.

Анттасып алқайды1

Сен тентек демеске.

Кім анттан шалқайды

Амал жоқ жемеске.

Аз адам шаршайды,

Ебіне көнбеске.

Бас ыңғай қайқайды,

Амал жоқ өлмеске.

Ел састы, аңқайды,

Би тартты егеске.

Жұрттағы мал жайды

Ой қылар бермеске.

Өсімге қол жайды,

Тай алып серкешке.

Алмаса ол тайды,

Дап-дайын көрмеске.

Кедей би жантайды

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке.

Қайғы қып болмайды,

Өкпелеп білмеске.

Сүйтсе де оңбайды,

Бұрынғы түсті еске.

Пысықтар шалқайды,

Таласып теңдеске.

Қағысып шонтайды

Өзімен жемдеске.

Таласып тарқайды

Ақшадан төрт-беске.

Бірлікті шайқайды,

Араз боп өнбеске.

1 Алқайды – қостайды, қолдайды деген мағынады.