Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АЛЛА ДЕГЕН СӨЗ ЖЕҢІЛ»

«АЛЛА ДЕГЕН СӨЗ ЖЕҢІЛ»

Абайдың Алла туралы өзінің ой-пікірін тұжырымдап, қорытып жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1897 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 1-шумақтың 4-жолы «Өзгесі хаққа құл емес» делінсе, қалған басылымдарда бүл жол «Өзгесі хаққа қол емес» болып алынған. Өлеңнің соңғы екі шумағы Мүрсейіт қолжазбаларында бар да, 1909 жылғы жинақта жоқ.

Өлең не жайында?

Өлеңде Абай алдымен «Алла» дегенге сәл-пәл, жеңіл қараудан сақтандырған. Алла тек ауызбен айтылған ақиқат емес, ол жүрекпен қабылданатын шындық. Алла туралы сөз айту дегеніміздің өзі көңілдің шындығын талап етеді. Келесі шумақта ақын «Жүректің ақыл – суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін» деп, махаббат туралы ұғымға сопылық дүниетаным тұрғысында түсінік берген. Махаббат иесі –Алла, оны ұғыну үшін жүрек нәрленуі керек. Ол жайды Абай «жүректің ақыл суаты» деген. Үшіншіден ақыл Алла ақыл арқылы танымайтын шындық екеніне баса назар аударған. Бір нәрсені ақылмен тану мүмкін еместігін Батыс Еуропада көптеген ғұламалар айтқан. Бірақ, Абай бұл мәселелерде Батыс ойшылдарына еліктеп тұрғаны жоқ. Ол бар нәрсенің барлығы туралы ой айтқанда ислам дүниетанымынан тыс кетпеген.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тіліне аударылған.

Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.

Ақылға сыймас ол алла,
Тағрипқа тілім қысқа аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт ол қуа.

Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин, мантикин
Бекер босқа езедүр.