Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС»

«АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС»

Абайдың діни ой-толғамнан Адамға қызмет ететін асыл қасиеттерді уағыздайтын үғым-түсініктерге ерекше тоқталып, жетіспеген жерлерін өз пікірімен толықтырған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1902 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы жинақта 1-шумақтың 4-жолы «Алланы танытуға сөз айырмас» болса, қалған басылымдарда «Алланы танытуға сөзі айырмас» делінген. 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбаларында 10-шумақтың 1- жолы «Адамдар ғибадаттан, сөз қозғаған», 11-шумақтың 4-жолы «Тә уилің білерлік, білімің шың» ретінде берілсе, басылымдарда бұл жолдар«Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған»,«Тәуиліне жетерлік ғылымың шың»деп алынған.

Өлең не жайында?

Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған. «Алла» бір, неліктен «пайғамбар хақ» деп мәселе нақтылы қойылмаған. Бір сөзбен айтқанда, сенім мен таным арасы ажыратылмаған. Абай болса, Аллаға сену мен оны тану бір ұғым деп қарамайды. Сенім – діни қағида, таным – гносеологиялық ұғым. Алғашқысы, діни идеологияға негіз болса, соңғысы діни философияның категориясы. Бірақ Аллаға сену және оны тану мәселелері – діни сана ауқымындағы үғымдар. Сондықтан осы мәселелермен айналысқан, пікір айтқан адамдарды біз бүгінгі күні діни ойшылдар деп жүрміз. Олай болса, Абайды да діни ойшыл (философ) десек, оны не мадақтаған, не даттағанымыз емес, нақтылы шындық туралы айтылған пікіріміз болса керек. Абай Алланың насихатшысы емес, оны танушы, зерттеуші ойшыл. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп, Абай мәселені діни сана ауқымында қарастырып, бірақ Алланың растығына айырықша көңіл бөлген.

Алла – ислам дінінде қудай есімі. Алланы сүюге насихаттаушылар Абайға дейін де көп болған. Ақынның айтып отырғаны – сен Алланы адамзатты махаббатпен жаратқаны үшін сүй деп отыр. Демек, мәселе махаббатқа тірелген. Абай бұл тұста махаббатты Адамға емес Аллаға қатысты айтып отыр, Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Олай болса, махаббат Адамға дейін болған шындық. Демек, махаббаттың субъектісі – Алла. Ол Алланың құдыреті, қуаты, рухы.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 14 шумақтан тұрады, көлемі 56 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тіліне аударылған.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф алла еш жерде өзгемеді.

Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгемес,
Әһлі кітап бүл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хуснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Му’мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, алланың сөзідүр ол,
Тә’уилін білерлік ғылымың шақ.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір имаңды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішінді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү’мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!