Абайдың шығармашылық шабыт, өлең жазудағы тылсым сәт сырларын кестелі тілмен айшықтаған қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік туындысы.
Қашан жазылды?
Ақындық өнер құдыретін ашатын «Адамның кейбір кездері» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Бұл шығарма алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинағының «Өзі туралы» деген үшінші бөлігінде жарияланды.
Өлең не жайында?
Абайдың ақындық шабыт, шығармашылық өнер, оның құдыреті мен қасиеті туралы жазылған көркемдік қуаты жоғары туындысының бірі. Өлеңнің жаратушыдан келген, сүйекке сіңген қасиетті өнер екендігін жақсы білген ұлы ақын шығармашылық сәттегі бойды билеген ғажайып сезім, тылсым құдырет, ерекше көңіл күй жайын баяндайды.
Алаңсыз көңілден ғана сәулелі сөз, аяулы шығарма өмірге келеді. Құдыретті өлең туарда көңіл таза, ой қуатты болсын. Бұлт арасынан күн ашылғандай, көкірегің кіршіксіз, көңілің келісті сезілсін деп, шығармашылық ләззаттың ғанибеті мен ерекшелігін суреттейді. Содан кейін ақын қоғам жүгін, елдің мұңын жеткізетін, көптің қайғысы мен қуанышын жүрегінен өткізетін шығармашылық иесі болуға тиіс деген қатал талап қояды. Ол көргені мен білгенін ақыл таразысына салып, жүрек сүзгісінен өткізсін деген тілек білдіреді. Сонда ғана жазғаны жалған емес, шынайы дүниеге айналады деп сенеді.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.13]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең дидактикалық лирика жанрында жазылған. Туындыда өлең сөздің тылсым табиғаты, ақынның оны жазған сәттегі көңіл-күйі, шабыты, сезім толқыныстары суреттелген. Сондай-ақ құдыретті өнерге әділет биігінен, сыншылдықпен қарау талабы қойылған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.