Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылдың 1 сәуіріндегі қаулысы негізінде ұйымдастырылып, қазан айының 16 күні ашылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей болып табылады.
Алғашында музей ақын Семейге келгенде түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлерінде орналасса, 1967 жылдан бастап музей экспозициясы орыс көпесінің үйіне қоныс аударады. 1990 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ ССР Министерлер Кеңесінің қаулысымен музей Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта құрылды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрамынаСемей қаласындағы Абайдың музейі, Абай ауданы Бөрілі ауылындағы М.О.Әуезовтің мұражай-үйі, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, 6400 га қорық аймағына кіретін 16 ескерткіш пен тарихи орындар, Абай ауданында Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбенұлы және Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының мұражайлары кіреді.
Семей қаласындағы Абай музейі
Семейдегі Абайдың музейі – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін, ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын, Абайдың әдеби мұрасын насихаттауға арналған еліміздегі ірі мәдени орталықтардың бірі.
Музей 1940 жылғы 16 қазанда Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай Семей қаласында ашылған.
Бас музей экспозициясы араға 25 салып Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қазіргі заман талабына сай өзгеріске ие болды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 11 залда жыл мезгілдеріне арнап жазылған өлеңдері негізінде жасалған «Абай. Жыл мезгілдері», музей қорындағы музыкалық аспаптар қойылып, әрқайсысының өзіндік үнін естуге мүмкіндік беретін «Дала әуені», сондай-ақ ақынның балалық шағы, отбасы, қалыптасуы, мұрасы, қара сөздер залдары келушілер назарына ұсынылады.
Заманауи мультимедиялық қондырғылармен жабдықталған «Мультимедиялық зал» және бүлдіршіндерді ұлттық ойындарға баулитын «Балалар залы» да музей қонақтарын қарсы алады.
Қазіргі таңда Абайдың қорық-музейі қорында 21576 жәдігер бар, 14747 кітаптан тұратын ғылыми кітапхана жұмыс жасайды.
Абайдың мемлекеттік қорық-музейі – Халықаралық Музейлер Одағының (ICOM) мүшесі, Ресейдің ірі әдеби музейлерімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді.