Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӘБДІРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ» («ТІЛІМ, САҒАН АЙТАЙЫН»)

«ӘБДІРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ» («ТІЛІМ, САҒАН АЙТАЙЫН»)

Жырақтағы ұлының жанынан табылып, сүйеніш, тірек бола алмауына қапаланып, тұңғиық ойға батқан жан күйіне, жүрек шеріне құралған өлеңі.

Қашан жазылды?

Баласы Әбдрахманға Кәкітай атынан жазылған хат болып өрілген «Тілім, саған айтайын…» («Әбдірахманға Кәкітай атынан хат») өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

48 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Өлеңде Абай өз ойын жеткізуде әдебиеттегі дәстүрлі көркемдік тәсілге иек артады. Кәкітай атынан жазылған хаттан тұңғиық ойға батқан жан күйін, жүрек шерін аңғартады. Кәкітай арқылы ақындық мектебі шәкірттері шығармаларын таразылаушы Әбдірахманмен сырлы сөз сарасының сыны мен сымбаты туралы ой бөліседі. Жазған өлеңдерінің бағасын жүрек сөзімен әділ саралаудағы көңіл қалауын жеткізеді. «Ұрлаған сөз деп айтасың, Сөз ұрлыққа жүре ме?» деп құнарлы сөз тіркесі қайнарының түрлі көркемдік сипатта зерделенуінен (интерпретация) ерсілік көрмейді. Мағауия мен Кәкітай арасындағы шығармашылық тартыс түйінін тарқатудағы төрелік тізгінін Әбдрахманға табыстайды. Өлеңдегі ой ағысын хат жазушының әкелік, інілік сезімімен үстейді. Бір Аллаға сыйынып перзентінің аурудан айығуымен аптыққан жүрегінің тыншығарын айтып, бір жүрер жарқын күндердің тезірек орындалуын аңсайды. «Жерің алыс жете алмай, Мағаштан да мен сорлы. Қызметіңді ете алмай Қалмас едім сол құрлы» деп жырақтағы ұлының жанынан табылып, сүйеніш, тірек бола алмауына қапаланады. «Жүректің сөзін сөйле, тіл, Жалғаны жоқ бояма. Қу көсе қандай өзімшіл, Бір сынамай қоя ма?» деп әл үстіндегі Әбішті күтуге Алматыға арнайы аттанған Мағауияны жарасымды әзілімен меңзейді. Сөз сиқырымен сырқат жанның көңілін аулайды, сәуле құяды [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.213-214]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. 7-8 буынды шалыс ұйқас үлгісінде түзілген. Әрқайсысы 4 тармақты 17 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тіліне аударылған.

Тілім, саған айтайын,

Осы сөзің келісін тап.

Қолым, сені қайтейін,

Қаламды тұрдың қатты ұстап.

Жүректің сөзін сөйле, тіл,

Жалғаны жоқ бояма.

Қу көсе1 қандай өзімшіл,

Бір сынамай қоя ма?

Махаббатпен қарап бақ,

Тамыр соқса солқылдап.

Мен жазайын сізге хат.

Оқып көрсін ол шындап.

Оқып көріп байқасын,

Мағынасы ішке кіре ме?

Ұрлаған сөз деп айтасың,

Сөз ұрлыққа жүре ме?

Кісі айтпаған сөз бар ма,

Тегіс ұғар қай құлақ?

Сөккенің оны ұнар ма,

Үйренген сөзге мен де ортақ.

Тұла бойым, балқи көр,

Әбіш ағам дегенде.

Мейлің, Мағаш, шалқи бер,

Не десең де сөгем бе?

Көріскен соң бір дидар,

Алла оңғарып келгенде,

Сынаушы сонда табылар

Мұнда жатқан елден де.

Төсекке менің жатуым –

Ұйқыға әбден талған соң,

Ұстазым мен татуым

Сен екеуің болған соң.

Жас жүрегім қозғалса,

Бір аллаға тілегім.

Ол қарағым оңалса,

Тыншыр еді жүрегім.

Жүздеріңді сау көрсем,

Екі көзім нұры еніп,

Қосылып бір жүрсем,

Әрнәрсені үйреніп.

Төсекке менің жатуым –

Ұйқыға әбден талған соң,

Ұстазым мен татуым

Сен екеуің болған соң.

Жерің алыс жете алмай,

Мағаштан да мен сорлы.

Қызметіңді ете алмай

Қалмас едім сол құрлы.

1Өзінің құрдасы Мағауияға әзіл