Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЛАЙ СУҒА МАЙ БІТПЕС ҚОЙ ӨТКЕНГЕ»

«ЛАЙ СУҒА МАЙ БІТПЕС ҚОЙ ӨТКЕНГЕ»

Абайдың дінге көзқарасын, жаратушыға деген жеке ойын анық көрсететін мағынасы терең философиялық туындысы.

Қашан жазылды?

Діни-философиялық мазмұндағы «Лай  суға май бітпес қой өткенге» өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта  жарияланды.

Өлең не жайында?

Абайдың бұл туындысы сүйікті баласы Әбдірахман дүниеден озғаннан кейін жазылған. Ақынды ауыр қайғыға душар еткен қасіретті өлім өлеңнің мазмұнына әсер еткен. Дүниеден таяныш таппаған, маңайынан сырласатын адам көрмеген Абай енді Құдаймен ғана тілдескісі келеді. Жаратушының барын анық білдіретін бұл мағынасы терең діни-философиялық туындысында ақын осы тақырыпқа қатысты жеке сырын ашады. Күні-түні ойлайтыным бір-ақ Тәңірі, себебі оның әмірі мені құмар қылды деп, оны оймен түсіну мүмкін еместігін білдіреді. Жаратушыны адамның ақылы қабылдай алмайды деп біледі ақын. Абайдың ойынша, ақылмен қабылдай алмайтын Құдайды түсіну бір есептен, арман емес, екінші жағынан, «Құмарсыз құр мүлгігуге тоя алмаймын» деп жаратушыны көксейді. Себебі Құдай өзі мекенсіз болса да, адамдарды жаратқан, оларға мекен берген. Адам ақыры түбінде Құдайға қайдады деп сенген. Абайдың Құдайды қабылдауда ақылдың басқа мақсаты жоқ деп санаған.

Жеті шумақты қара өлең үлгісімен жазылған шығарманың соңғы шумағында ақын қорытынды жасайды. Адамның өмір жолы – тар соқпақ, иілген жақ. Оның екі жағын ұстаған хақ дейді. Яғни адамды жаратқан Құдай, өлгеннен соң адам жаратушыға қайтады деген түйін жасайды. Адамның өмір жолында ойы да, шұңқыры да, биігі де болады. Бұл тар жол тегіс емес, соңына дейін құлап кетпей тура шығуға ұмтыл деген ақыл айтады.

Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.225]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең философиялық лирика жанрында жазылған. Сонымен қатар туындыда көңіл-күйдің сезімін, дидактикалық сарынды да байқататын тұстар бар. Ақын жаратушының құдыретін түсінуге ұмтылып, соңында адамдарға Құдайға қайтатынын ескерткен.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Лай суға май бітпес қой өткенге,

Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.

Сол қасқырша алақтап түк таппадым,

Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Берген бе тәңipiм саған өзге туыс?

Қыласың жер-жиһанды бip-aқ уыс.

Шарықтап шар тараптан көңіл сорлы

Таппаған бip тыянақ не еткен қуыс?

Күні-түні ойымда бip-aқ тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әміpi.

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәpi – дәһрі.

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бip тәңіріні болдырады.

Талып ұйыктап, көзіңді ашысымен,

Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген, халық қылған ол ләмәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Өмip жолы – тар соқпақ, бip иген жақ,

Иілтіп eкi басын ұстаған хақ.

Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.