Абайдың адамның опасыз, оңбаған мінезін шенейтін бір ауыз өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1899 жылы жазылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1933 ж. жарық көрген толық жинағында жарияланған. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Өзі асыраған күшігі өзін қапса, өзінен үйренген мерген өзін атса, өмірде одан артық қандай сатқындық пен зұлымдық болуы мүмкін. Мына жалған дүниеде ондай жауыздық әрқашан кездесіп отырады. Абай заманында да болған. Осы шындықты ақын мәңгілік есте қалатындай, тайға таңба басқандай етіп шешен тілмен шебер қиыстырып өлең жолдарына түсірген. Алланың сөзіндей ақиқат терең ой мен керемет кемеңгерліктің, нұрлы сезімнің жемісі. Бір қазақ баласы емес, барлық адамзат бас иетін шындық, тағылымы мол сөз сарасы.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 8 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған. Көлемі 4жол. Өлең мағынасы терең.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.