Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЗАҚ ТҰРМАЙДЫ»

«ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЗАҚ ТҰРМАЙДЫ»

Абайдың өмір көші, тұрмыс ағымындағы жақсылық пен жамандық, үміт пен уайым, кісілік пен опасыздық хақындағы терең толғанысына құрылған өлеңі.

Қашан жазылды?

Адами қасиеттер хақында кемел ой өрбітіп, қоғам өмірінің қат-қабат қайшылықтарына бойлататын өлеңін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

26 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Өлең өмір көші, тұрмыс ағымындағы жақсылық пен жамандық, үміт пен уайым, кісілік пен опасыздық хақындағы тереңге бойлатар толғанысқа құрылған. Бір қайғысы жүз қайғысын қозғаған ақын өзінің санасын сансыратқан сансыз ойларымен бөліседі. Ішкі әлеміндегі күйзелісін бейнелі тілмен өрнектеп, өмір түйткілдерінің өзегін өртеген ащы запыранымен сабақтастырады. Қат-қабат келген қайғыдан үрпейген жүрек басылмайынша талапты көңіл елермейтінін жеткізеді. Қиналғанды тірек, жабыққанда сүйеніш болар бір туған жанашырларының күңкілдеп мезі еткен жат мінезі, өзектен теуіп, тобықтан қаққан мейірімсіздігі, надандардың бетсіздігі ғаділетті жүрегін сыздатады. Өз айналасын қоршаған сұм-сұрқия, мақтан қуғандардың әуре-сарсаңға салған екі жүзділігіне, жауыздық отын үрлеудегі арамзалықтарына жиіркенішпен қарайды. Сыпыра батыр сұмдардың мақтанмен жан жабырқатқан арамза ойлы әулекі тірлігін, әумесерлігін шенеп, ар-ұятын оятады. Адами қасиеттер хақында кемел ой өрбітіп, қоғам өмірінің қат-қабат қайшылықтарына бойлайды. Жақсылық атаулы ұзақ тұрмаса, жамандық неліктен баяндап қалмақ деген ақын көңіл кірбіңінен арылуға, уайым шарпыған алаң жүрек аптығын басуға ұмтылады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.193]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй лирикасы жанрындағы философиялық сарында жазылған. Өлең 8 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тіліне аударылған.

Жақсылық ұзақ тұрмайды,

Жамандық әр кез тозбайды.

Үміттің аты елеріп,

Қос тізгінді созбайды.

Қанша тепкі салсаң да,

Уайымнан озбайды.

Бір қайғыны ойласаң,

Жүз қайғыны қозғайды.

Жер қорығыш желгек шал

Желіп жүріп боздайды.

Құрсаған бұлт ашылмай,

Аспанның жүзі көгермес.

Үрпейген жүрек басылмай,

Талапты көңіл елермес.

Шырайды қайғы жасырмай,

Күлкінің ерні кезермес.

Шыдасаң есті қашырмай,

Құлдатып, қор қып жібермес.

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – о да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды.

Бәрінен де сол қымбат,

Қайтерсің өңкей наданды.

Сыпыра батыр сұм құрбәт1

Мақтанмен алды мазамды.

1 Құрбәт, қөрбәт (парсыша) – жақындық, туысқандық.