Абайдың жақыны жат болып, ағайыннан да, алыстан да жаулықты көп көрген кезінде әлеумет тіршілігіне, ел надандығына деген ызадан туған өлеңі.
Қашан жазылды?
Бұл өлеңін Абай 1886 жылы 41 жасында жазған.
Қайда жазылды?
20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Бұл өлең 1909 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» жинағында басылған (3-бөлік, Өзі туралы, 35-бет). Өлеңнің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Туындының Мүрсейіт қолжазбаларындағы (1907, 1910) «Айдостың өңкей езіне» деген 8-жолы кейінгі басылымдарда Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасына, 1905 жылғы жинақ негізінде «Тобықтының езіне» болып өзгертілген.
Өлең не жайында?
Бұл өлең туралы Кәкітай былай дейді: «Өзге алыс ел құмар болып, Абайдың өлеңін жаздырып алып, жиылған топта Абайдың нәсихатын, ұқса, ұқпаса да, құлақ қойып тыңдап отырғандарына қарағанда, қайта ең жақын туысқан елі тобықтының көбі айтқан сөз, жазған өлеңімен ісі жоқ болып, өзіне жаулық ойлайтұғынына ыза болып жазғаны» (Абай (Ибраһим) Құнанбай ұғлының өмірі. Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі. С.-Петербург, 1909 жыл, 110-бет).
Ақын «жау жағадан алғанда» өмірге налып, бір құдайға сыйынуды медет тұтқан. Алтындай асыл қайран сөзінің «Самарқанның бөзі» құрлы болмағанына, ақыл-кеңесін ел-жұртының құлаққа ілмегеніне реніш білдіреді, партияға бөлініп, дау қуып, ағайын басына жаулық тілеп, өтірік арызға үйірсек болғандарға наразылық танытады. «Түспей кетер деймісің, Тәңрінің құрған тезіне?» деп, пәле іздеген «пысықтарға» да бір зауал болар деген қорытындыға келеді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 7 буынды аралас ұйқаспен жазылған, көлемі 20 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, ұйғыр, неміс тілдеріне аударылған.
Патша құдай, сыйындым
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне.
Самородный1 сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Кердең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да – құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің,
Тәңірінің құрған тезіне?
1Самородный (орысша) – таза, қоспасыз деген мағынада.