Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ОН ҮШІНШІ СӨЗ

ОН ҮШІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың иман туралы түсінік-пайымды кеңейте отырып, ел ішіндегі иман келтірушілер туралы ойын ортаға сала жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Философиялық мазмұндағы он үшінші қара сөзін Абай 1892 жылы 47 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде адамның жаратушы Алла тағаланың барына, оның жалғыздығына, құдыретінің шексіздігіне, мұсылмандардың соңғы пайғамбары – Мұхаммед (саллалаһу ғалейһи уәссәлләм) арқылы жіберген жарлығына сену жайы айтылады. Абай иман сөзінің мағынасын ашып, оның түбі инану, сену екенін түсіндіреді.

Иманды адам мен иманы жоқ адамның айырмашылығы неде екенін ұғындырып, иманға сенуге екі түрлі нәрсе керектігін көрсетеді. Алдымен, кімде-кім бір нәрсенің барына, хақтығына ақылымен көз жеткізсе, яғни ақылы нақтылайтындай, анықтап дәлелдейтіндей жағдайда болса, ол шын мәнінде иманға келгені дейді. Ақын осы тұста адамның ақылын иманды танудағы негізгі өлшем, басты белгі деп түсінеді.

Екіншіден, адам иманды кітаптан біліп, молдадан оқып, естіген, түйген нәрсесін көңілінде берік етсе. Өлім аузында тұрса да, біреу өлтіремін деп қорқытса да, ол сенімінде қалса, еліктеген адамынан айнымаса, иманын сақтағаны дейді. Яғни Абайдың түсінігінде, адамның иманға келуге екі жолы бар. Біріншісі – иманды ақылы арқылы тануы. Көргенін, естігенін ақыл таразысына салып, ақыл елегінен өткізу арқылы. Екіншісі – оны кітаптап оқып, молдадан білуі. Жанына қаншалықты қатер төнсе де, мың адам мың түрлі сөз айтып азғырса да, көңіліне бекіткен сенімінен таймау арқылы.

Иманға жеткен адамға сол асыл қазынасын бойында сақтап қалу үшін «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын» керек дейді. Байқасақ, ақылмен түйген, біреуден оқып білген иманды ұстап тұру үшін адамға батыл жүрек, өзгермес адал көңіл, жігер мен қайрат керек. Ал ғылымнан ада, ақты қара деп, өтірікті шын деп әділеттен аттаған, сенімінде беріктігі жоқ адам алдауға, арбауға, пайдақұмарлыққа еріп кетсе, ондайды иманы кәміл деп танымаймыз дейді. Егерде біреу «Құдайдың кешірмейтіні жоқ қой, кеңшілік етер, рахым қылар» деп иманына қарсы іс жасаса, ондайды иманын сақтаған деп санамаймыз деп есептейді. Құдай кешіреді деп иманына қарсы іс қылып, жалған мақалмен өзінің теріс ісін ақтағысы келген адамның жүзі құрысын деп қатал өкім айтады.

Қай жанрда жазылды?

Діни-философиялық, дидактикалық мазмұндағы он үшінші қара сөз өсиет-ғақлия үлгісінде жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он үшінші сөз

Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.

Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін Құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.