Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

1893

Абайдың өзі тұстас қазақтардың ішінде кезігіп қалатын құдайға құлшылық ету тәсілін мінеп жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Құдайға құлшылық ету жайындағы он алтыншы қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Он алтыншы қара сөзінде Абай жаратқан Құдайға жалған құлшылық жасап жүрген замандастарын сынайды. Мұсылмандықтың бес парызының сырын терең түсінген ойшыл көппен бірге намазға жығылып, болмаса дұғада қатар тұрып жүрген, істеген құлшылығының мағынасын толық білмейтін жандарды айтады: құдайды саудагердей ғана көретін сондай топас адамдардың надандығын әшкерелейді. Сатқан малын риза болсаң да, болмасаң да осы деп саудагерге бұлдайтындай, ондай надандар Құдайына да жасаған құлшылығымды қабылдасаң да, қабылдамасаң да осы дейді. Құдайға құлшылық дегенде тілді жаттықтыру, жүректі кірлетпеу, дінді таза ұстау, сөзі мен ісіңнің өзіңе, жұртқа зиянсыздығын түсіну, фәни өмірдің сырына бойлау екенін ондай адамдар толғанбайды дейді. Олар қартайғанға дейін үйрене алмаған құлшылықты енді қайдан меңгеремін деп өздерін өтірік алдайтынын әшкере етеді. Құранның сөзін бұрмалап оқығанымды Құдай кешіреді, құлшылық еттім ғой, тілім келмесе қайтейін деп ақталатын замандастарының ісіне жиіркенеді. Сонда оның тілі өзге жұрттыкінен басқа болғаны ма деп сұрақ қояды.

Қара сөздің идеясы – адам баласы кез келген жасында Құдайға құлшылық етуге кешікпейтінін түсіндіру. Адамды адал құлшылық етуге шақыру.

Қай жанрда жазылды?

Діни-философиялық мазмұндағы он алтыншы қара сөз монолог сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он алтыншы сөз

Қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?