Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ»

«ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ»

Абайдың жастарға арналған достық, татулық, жар сүю мәселесін қозғайтын насихат өлеңі.

Қашан жазылды?

Өмірден көргені мен түйгені көп Абайдың құрбы-құрдас, жас жігіттердің ортасында кеңес құрғандай, ақтарыла сөйлеген насихат өлеңі 1886 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

25 шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең 1909 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» жинағында басылған (1-бөлік, Халық туралы, 12-бет). Басылымдарында бірқатар текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 2-шумақтың 2-жолы «Кейбіреу қояр құлақ ұққанынша», 9-шумақтың 2-жолы «Лапылдап көрсе қызар нәпсіге ерме», 10-шумақтың 3-жолы «Күнде көрген бір беттен көңіл қайтып», 17-шумақтың 2-жолы «Сазданба сен қабақпен имендіріп», 20-шумақтың 3-жолы «Меліш сауда сықылды күлкі сатып», 24-шумақтың 4-жолы «Өзі зордың болады иығы да зор» делінсе, кейінгі басылымдарда, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақ негізінде бұл жолдар «Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша», «Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме», «Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар», «Сазданбасын қабақпен имендіріп», «Мәліш сауда сықылды күлкі сатып», «Өзі зордың болады ығы да зор» деп алынған. 1909 жылғы жинақта 10-шумақтың 1-жолы «Көп жүрмес жеңсікқойлық тез-ақ тозар» болса, басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Көп жүрмес жеңсікқойлық әлі-ақ тозар» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 13-шумақтың 2-жолы «Ер ұялар іс қылмас, болса зерек» делінсе, кейінгі жинақтарда 1909 жылғы басылымға сәйкес «Ер ұялар іс қылмас қатын зерек» деп алынған. Өлеңнің Мүрсейіт қолжазбалары негізінде барлық басылымдарға енген 25-шумағы 1909 жылғы жинақта жоқ. Мүрсейіт қолжазбаларында 25-шумақтың соңғы екі жолы «Пысықтықтың белгісі ыртың-жыртың, жоқ еді бес бересі, алты аласы» деп көрсетілсе, басылымдарда «Пысықтықтың белгісі – арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы» болып жазылған.

Өлең не жайында?

Өлеңде ақын жастардың сүйіспеншілік сезімінде айнымас беріктік, тұрақтылық, адалдық болуына айрықша мән бере отырып, жігіттердің құбылма, айнығыш, жеңілтек мінезін қатты сынап шенейді. Өлеңдегі тағы бір назар салынған жай – жігіттердің жар таңдауы, үй болуға байыппен қарап, алдымен өмірлік серік болатын қыздың мінезіне, адамгершілік қасиетіне, ақылына, инабаттылығына көз жеткізуі шарт екендігі. Өлеңнің соңында сүйіп қосылған жастардың отбасындағы, жанұясындағы татулығы, көңілдес құрбылардың достығы жайлы пікірін ақын бүкіл елде береке-бірлік болуын аңсаған өрелі ойымен жалғастырады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған, әрқайсысы 4 тармақты 25 шумақтан тұрады. Өлең еркін әңгіме-сұхбат түрінде құрылып, көбінесе жас жігіттерге айтылатын ақыл-кеңес іспетті болып келеді.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,

Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.

Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,

Абайлар әрбір сөзді өз халынша.

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.

Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,

Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.

Керек іс бозбалаға – талаптылық,

Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,

Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт1, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,

Оның қадірін жетесіз адам білмес.

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,

Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,

Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.

Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,

Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!

Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар,

Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.

Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,

Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.

Жар көңліне бір жанын пида қылып,

Білместігің бар болса, қылар сабыр.

Шу дегенде көрінер сұлу артық,

Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.

Бетім барда бетіме кім шыдар деп,

Кімі паңдау келеді, кімі – тантық.

Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.

Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,

Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,

Қоржаң суық келеді кей сасық ми.

Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

Тату болса, риаз2 үстіндегі үй.

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезінің еш кесегі.

Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,

Кем емес алтын тақтан жар төсегі.

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,

Сазданбасын қабақпен имендіріп.

Ері сүйген кісіні о да сүйіп,

Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.

Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,

Абройлы қалжыңмен келсін сөзі.

Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,

Қатыныңда болмасын оның көзі.

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,

Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.

Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас қайран тату!

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,

Еңбекпен терін сатып түзден жимас.

Меліш3 сауда сықылды күлкі сатып,

Алса қоймас, араны тағы тоймас.

Асық ұтыс секілді алыс-беріс –

Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.

Бірі көйтке4 таласып, бірі арам қып,

Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.

Жас бала әуел тату бола қалар,

Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.

Бірін бірі құшақтап, шуылдасып,

Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.

Біреуі жылап барса үйге таман,

Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.

Татулығы құрысын ойыны мен,

Дәл соларға ұқсайды мына заман.

Жаман тату қазады өзіңе ор,

Оған сенсең, бір күні боларсың қор.

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,

Өзі зордың болады иығы да зор.

Қазақтың қайсысының бар санасы?

Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.

Пысықтықтың белгісі – арыз беру,

Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.

1Ғиззәт, ғиззат (арабша) – қадір, сый.

2Риаз (арабша) – гүлбақша мағынасында.

3Меліш (орысша) – мелочь, ұсақ-түйек.

4Көйт – асық ойнында қарыз алу. Ұтылып қалса, көйт болып, ойыннан қуылады.