Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АБЫРАЛЫҒА»

«АБЫРАЛЫҒА»

Абайдың Абыралы (1827-1918) деген оқымаған, сауатсыз замандасына арнап жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Бұл арнау өлеңді Абай 1876 жылы 31 жасында жазған.

Қайда жазылды?

3 шумақ өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған. Өлеңнің аяғы ұзағырақ болса керек. Толық нұсқасы ешкімнің есінде қалмаған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең ең алғаш 1933 жылы толық жинақта басылған (73-бет). Өлең басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді. Тек 1957 жылғы жинақта өлеңнің соңғы 4 тармағы бөлек туынды ретінде берілген.

Өлең не жайында?

Өзінің замандасы Абралы (1839-1920) дейтін адамның намаз оқығанда, құран аятын түсінбей, қара дүрсінге салып, бүлдіріп оқитын надандығын әжуа етіп жазған.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 22 тармақтан тұрады. Тармақ саны әр түрлі буынды 3 шумақтан тұрады. 1, 3 — шумақтар – 8 жол (ұйқасы -а, -ә, -б, -ә, -ғ, -ә, -д, -ә), 2-шумақта – 6 жол (ұйқасы-а, -ә, -б, -ә, -ғ, -ә).

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тіліне аударылған.

Мен жасымнан көп көрдім

Мұсылманды, кәпірді.

Абыралыдай көрмедім

Намаз білмес пақырды.

Қираәтін1 оқытып

Көріп едім, шатылды.

Ниет қыла білмейді,

Не қылады нәпілді2.

Намазшамның3 артынан

Құржаң-құржаң етеді.

Жер ұшық4 берген кісідей,

Тоңқаңдай ма, не етеді.

Нәпіл түгіл намазы –

Бәрі желге кетеді.

«Еннатайына кәлкәусар»5,

Пашол дереу, күнәкар

Аяғын ойлап айтқаны:

«Әні-шаны күлаптар».

Осы оқумен намаздың

Қай жерінде сауап бар?

Тегін ойлап байқасаң,

Мұнда ми жоқ, құлақ бар.

1Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу.

2Нәпіл (арабша) – міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.

3Намазшам (парсыша) – күн бата оқылатын намаз. Шам – кешкі, кеш.

4Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.

5«Еннатайына кәлкәусар» — шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай.