Абайдың қазақтың бойжеткен қызының сырт көрінісін, пішін, мүсін келбетін суреттеуге арналған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақын сұлулыққа, жарасымдылыққа, мәдениеттілікке, ізеттілікке деген өз талғамын алға тарта отырып, ауыл жастары арасынан сұлулық үлгісін іздеген бұл өлеңін 1884 жылы 39 жасында жазған.
Қайда жазылды?
20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта басылған (9-бөлік, Сұлу ұрғашы туралы, 63-бет). Шығарманың кейбір басылымында текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909, 1939, 1954 жылғы жинақтарда 2-жол «Аласыз қара көз жайнайды» болып басылып келсе, 1945, 1957, 1977 жылғы жинақтарға «Аласы аз қара көзі нұр жайнайды» делініп, мағынасына қарай түзетілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарында соңғы жол «Торғындай толқындырып көз таңдайды» ретінде берілсе, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол 1933 жылғы жинақ бойынша «Торғындай толқын ұрып көз таңдайды» түрінде алынған. Ақын шығармаларының негізгі басылымдары саналатын 1933, 1939, 1945, 1957, 1961 жылғы жинақтарда бұл туынды «Қандай қызда ләззат бар жан татаған» өлеңімен бірге тұтас шығарма ретінде берілген, ал 1977 жылғы басылымда жеке ұсынылған.
Өлең не жайында?
Өлеңде ең алғашқы жолдан бастап, айқын сезілетін тәртіптілік бар. Әуелі қыздың пішінін айтады: келісті біткен маңдайынан бастап көзіне, қасына тоқтайды. Одан әрі мұрнын, бетін атай келіп, аузына ауысады. Сұлу тісін, бұлбұл үнді күлкісін айтып, аузына аз аялдап, мойнына, тамағына тоқталады да, осыдан әрі ұлы мүшесіне, жауырыны, иығына, бойына ауысады. Өлеңнің осы алғашқы бөлігі сипаттау болады да, екінші бөлігінде өзі суреттеп отырған қызға айтпаса да, жалпы қыздардың оғаш мінездері үстірттеу сыналады, жігіттердің де кейбір мінездері сыналып, оларға ақыл-өсиет айтуға арналады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. 20 жолдан тұратын лирикалық өлең-портрет.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, араб, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кей бірінің мінездері –
Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелде сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.