Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА»

«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА»

Абайдың ақындық қуатын рухтандырып, шабытын шарықтатып, әрі идеялық мазмұны, әрі көркемдік түрі түгел қабысып тұрған, қазақ халқының тұрмыс салтына тән, ерекше бір көрінісін көз алдыңа әкелетін тамаша өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1882 жылы 37 жасында жазған өлеңі. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. Неғылса да бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп көп тудырған шығармаға ұқсайды.

Қайда жазылды?

Абаймен жиырма бес жыл бойы айырылмас жолдас, дос болған, оның мінезін, әдет-салтын өте жақсы білген, көзімен көрген Көкбай былай баяндайды:

«Аңшылық құру, бәйгеге ат апарып қосу, палуан апарып күрестіру, қаршыға, лашын салғызу… өнерді қызықтау сияқтының барлығын да…көрді. Ол кезде Шыңғыстың қыс бойы елсіз қалатын сыртында бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай көп кісі, көп жақсы құсбегі, мерген сияқты жақсы аңшылармен қостап шығып, бірнеше үймен, көп соғым сойыспен барып, бір ай, екі ай жүріп қайтады» (1993 жылғы жинақ, 276-277 б.).

Қайда жарияланды?

Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» (1897) атты жинақта жарияланды. Кейіннен «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» деп аталған жинақта басылған (С.-Петербург. 1909 жыл, 14-бөлік, Аңшылық туралы, 71-72 беттер).

Өлең не жайында?

Бұл өлеңде Абай өз басынан кешкен, өзі көріп, терең сезінген уақиғаны жыр етіп, толғана суреттеп, шыншыл шеберлікті танытады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды жыр үлгісінде жазылған. Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғаны көрінеді. Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады.

Өлеңде ақын барлық мезгіл мен іс-әрекетті бұлжытпай берген. «Сонар», «қағушы», «қайтқан із», «Бүркіттің қайқаң қағып аспанға шығуы», «Түлкінің көре тұра қалуы», «үйірімен үш тоғыз» десу – бәрі де аңшылықтың өзіне тән тілі. Сол өзгешелікпен қатар ақын қиялын да өткірлеп, сол асығыс, қарбалас, тайталастар үстінде шебер түрдегі соны теңеуді де табады. «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл» дей келіп, сол бір қайнаған қимылдарды қымсынған ұяң сұлудың асығып шомылған қозғалыстарына ұқсатуы да шеберлік айғағындай. Мүнда натуралдық үлгіде екі жайды «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, ақ етті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Осындай белгілерінен де әрі мазмұн, әрі түрі түгел қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындық туыс танылады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс, ағылшын, өзбек, татар, түрікмен, ұйғыр, т.б. тілдерге аударылған.

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз1 қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамай жығылғанға.

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О дағы осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,

Ұқсайды хасса2 сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк-бүлк етпей ме сыйпанғанда,

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына дәл басқанда.

Құсы да иесіне қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,

Жасы үлкені жанына байланғанда.

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.

Көлеңкесі түседі көкейіңе,

Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,

Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

1Қандыкөз – бүркітті айтады.

2Хасса, қаса (арабша) – өте сұлу, кемелге жеткен сұлулық.